Отырар ауданында кәсіпорындар көптеп ашылуда
Отырар ауданында кәсіпкерлік салада атқарылып жатқан жұмыс көп. Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, ауданда Президент тапсырған жұмыстар жоспарлы жүзеге асырылуда.
Ауданда инвестиция тарту мен шағын және орта бизнеске жақсы көңіл бөлінген.
- Президентіміз инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын халыққа арнаған Жолдауында. Жалпы Отырар ауданында осы жылдың 10 айында өңірлік өнім көлемі 66,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 300 миллион теңгеге артық орындалды. Атап айтсақ, оның ішінде, ауыл шаруашылығында 33,3 миллиард теңге, тартылған инвестиция - 23,6 миллиард теңге, сауда саласында – 2,8 миллиард теңге, өнеркәсіп саласында - 22 миллиард теңге, құрылыс көлемі - 8,2 миллиард теңгені құрады, - дейді аудан әкімі Қайрат Жолдыбай.
Жалпы биыл Отырар ауданында 35 мың гектарға егін егіліп, егістік алқабынан 395 993 тонна өнім жиналған. Биыл ауданда осы жылдың ІІ тоқсанында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылған. Мәселен, «Баржоу Хинкай Трейд гоу» ЛТД компаниясымен бірлесіп 500 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егу жұмыстары жүргізілсе, одан 1200 тонна мақта алынған. «Биыл ауданда жыл соңына дейін 800 миллион теңгеге сауда саласы бойынша екі шағын инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы құны 360 миллион теңгені құрайтын түйе сүтін өңдеп, ұнтақ шығаратын кәсіпорын құру көзделген. Бүгінде инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, 2025-2030 жылдары құны 145 миллиард 625 миллион теңгені құрайтын 157 ірі және шағын инвестициялық жобалар жүзеге асып, 1790 адам жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, келесі жылы ауданда «Nomad» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демалыс аймағы іске қосылпақ ниетте. Ал, 2026 жылы «Жанұя» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің емдік балшық пен жылы сумен емдеу орталығын іске қосу көзделген»,- деді аудан басшысы.
Бұдан бөлек, аудандағы Шәуілдір ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Аққұм ауылынан дәрігерлік амбулатория құрылысы мен Шытты ауылынан фельдшерлік-акушерлік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ғимараттар 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін ел игілігіне берілмек.
Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы 37 елді мекеннің 35-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Қалған екі елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. 2018-2023 жылдар аралығында 21 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылып, жалпы аудан халқының газбен қамтылу деңгейі 71,4 пайызға жеткен. 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 13,7 шақырымдық 7 ішкі көшеге, жергілікті бюджет қаржысы есебінен 34,8 шақырымдық 29 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп, қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар үлесі 80,1 пайызды құрап отыр.
- Біздің басты мақсатымыз – жаңа кәсіпорындар ашып, ауданда жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Ауданға инвестициялар тарту керек. Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізетіні сөзсіз, – деді аудан басшысы Қайрат Жолдыбай.