Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолдау көрген жоба көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде іске қосылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өз нәтижесін беруде.
«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қаржы және «Ауыл аманаты» жобасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, жобаға 16 аудандағы 64 ауылдық округ қатысуда.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасының тиімді тұрстарын атап өтті. «Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деген болатын. Президент айтқан үдеден Түркістан облысының шаруалар да шығып келеді. Бүгінгі күні жоба аясында құрылған кооперативтерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге басымдық берілді. Осы жылы өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі іске қосылды. Онлайн қабылдау жүйесі – кәсіпкерлердің уақытын тиімді пайдаланып, қолжетімділікті арттыруға септігін тигізуде, - дейді Нұрлыбек Исаев.
Жоба аясында ауыл тұрғындарының бірі жаңадан кәсіп ашса, бірі шағын кәсіпорнын кеңейтіп, әл-ауқатын жақсартып келеді. Халықты аграрлық бизнеске тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдау мақсатындағы мемлекеттік жоба жоспарға сай орындалуда. Мәселен, былтыр жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлінген. Яғни, 6 бағыт бойынша 3200-ден астам жоба жүзеге асырылды. Өткен жылғы жоспар 103 пайызды құрап, артығымен орындалды. Жоба аясында өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан өңірі елімізде көш басынан көрінді. Сондай-ақ 3413 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, түркістандықтар «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрді. Ол үрдіс биыл да жалғасын табуда.
- Президентіміздің тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылуда. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы төртінші деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы Түркістан өңірінде биыл 160 жоба толықтай қаржыландырылып, 1,1 миллиард теңге игерілді. Өсімдік, балық, құс және мал шаруашылығын дамыту, кәсіпорындар мен кооперативтерді техникамен қамту, жеңіл өнеркәсіп өндіру сынды жалпы 7 бағыт бойынша жобалар қолдау тапты. Олардың арасында ерекше өнім жасап шығарып, сұранысқа ие болған кәсіпорындар бар. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан ауыл халқының әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы облысымыздағы көрсеткіші жақсы деп айтуға болады, - дейді «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қаржы және «Ауыл аманаты» жобасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев.