Ордабасы ауданында жүзеге асырылған жобалар баршылық
Ордабасы ауданында инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жанданып келеді. Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, бүгінгі күні шетел инвесторларының қатысуымен Ордабасы ауданында іске асырылған жобалар баршылық.
Мәселен, аудандағы «Бадам» индустриалды аймағында жаңа инвестициялық жобалардың құрылысы басталған. Соның бірі – алюминий профиль бұйымдарын шығаратын ««Central Asia Aluminum Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
- Мемлекет басшысы Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін, шаруаларға субсидия беру, қаржыландыра отырып ауыл шаруашылығын көтеру керектігін айтты. Бүгінде Ордабасы ауданындағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына инвестиция салуға ниет танытқан шетелдік компаниялардың қатары күн санап артуда. Мәселен, Бадам индустриялды аймағында «Сentral Аsia Аluminum company» компаниясының алюминий профиль бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Жобаның инвестициялық құны 4 миллиард 400 миллион теңгені құрайды. Жобаның бірінші кезеңі 2025 жылдың наурыз айында іске қосылып, 200 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтиды. Жылдық қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайды. Ал екінші кезеңі іске қосылғанда 150 жұмыс орны ашылады, - дейді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, Бадам ауылындағы «RZN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автоклабталған газоблок шығаратын зауыты іске қосты. Жобаның инвестициялық құны 1 миллиард 500 миллион теңгені құрайды. Жылдық қуатылығы 85 мың текше метрді құрайтын жоба толықтай іске асқан кезде 25 адам жұмыспен қамтылмақ.
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Облыс әкімдігінің қолдауымен аудан, қала әкімдері мен кәсіпкерлер көршілес елдердің кәсіпорындарын аралап, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, ол кездесулер жемісін беруде. Ордабасы ауданында бой көтеретін зауытта Қытай елінің тәжірибесі мен жоғары технологиясы қолданылуда. Соның бірі - «Altyn land» жауапкершілігі шектеу серіктестігі. Бұл серіктестік құрылыс жұмысына арналған кірпіштер шығаратын болады.
Аталған серіктестік директоры Береке Дүйсебековтың айтуынша, қыш зауытында заманауи технологиялр қолданылады. Жобаның жалпы құны – 5 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмысы кәсіпкердің жеке қаржысы және несие арқылы жүзеге асырылады. Аталған зауытта жылына 90 миллион кірпіш, күніне 250 мың кірпіш шығарылады деп жоспарланған. Осы арқылы жергілікті нарықта импортты азайтып, отандық өнім көлемін арттыру көзделген. Қазақстанда теңдесі жоқ зауытта жергілікті 70 тұрғын жұмыспен қамтылады. Бүгінде жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, ҚХР-дан құрал-жабдықты жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылып, жер тегістеу, іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде.
- Бүгінгі күні Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Бұл бағытта толық циклді 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары басталды. Мақта өнімділігі мен сапасын арттыру жұмыстары Ордабасы ауданында да атқарылып жатыр. Мұндай мақта өңдеу зауыты Төрткүл ауылында да жұмыс істеуде. Зауыт өкілдерінің айтуынша, кәсіпорында өнімділікті және мақта сапасын арттыру мақсатында түркиялық ұрықтар егіледі. Келесі жылдан бастап 250 гектар аумаққа тамшылатып суару техникасын енгізу көзделіп отыр. 2025-2026 жылдары зауыт қайта жаңғыртудан өткізілмек. 2027 жылы мақта кластерін құру жоспарлануда. Сонымен «Нұр-Агро 73» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақта талшығын өндіреді. Жоба құны – 255 миллион теңгені құрайды. Өндірістің жылдық қуаттылығы 35 мың тонна. Жеке кәсіпкер 300-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр, - дейді аудан әкімі.
Өткен жылы мақта зауытында 18 мың тонна мақта өңделіп, 6 мың тонна мақта талшығы Балтық жағалауы елдеріне, Ресей және Беларусь мемлекеттеріне экспортқа шығарылған. Атап өтерлігі, Түркістан облысы республикада мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етуде. Биыл мақта дақылының егіс көлемі 106,4 мың гектарды құрады. Бұл жалпы егістіктің 12 пайызы.
Ордабасы ауданында жобаларын жүзеге асырып жатқан инвесторлар мен жеке кәсіпкерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлестерін қосуда. Инвесторлардың қолдауымен жуырда Бадам ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Ол нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, тұрғындарды құттықтады. «Өңірімізде ауылды елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Білім, медицина, спорт, мәдениет нысандары салынуда. Бүгін спорт кешенін ашқалы тұрмыз. Бұның бәрі сіздер үшін, жастар үшін үлкен қолдау деп ойлаймын. Осында жаттыққан спортшы жастарымыз әлемдік деңгейде Қазақстанның атын шығара берсін!», – деген Дархан Сатыбалды спорт кешенін аралап көріп, спортшылармен, бапкерлермен жүздескен еді.
- Жаңа спорт кешенінің жобаның құны 1 132 223,6 мың теңге. Жер телімінің ауданы – 1,5 гектар болса, құрылыстың ауданы – 2488,59 шаршы метр. Нысанның құрылысын «Қаратау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Заманауи спорттық-сауықтыру кешенінде грек-рим күресі, еркін күрес, самбо, дзюдо және бокспен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар баскетбол, волейбол, гандбол секілді командалық спорт түрлерімен де айналысуға болады. Залға 210 көрермен сияды. Аталған спорт кешенінде Қажымұқан атындағы №1 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасады. Бұл спорт мектебінде 1000-ға жуық бала жаттығып жүр, - дейді Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев.