Төлеби ауданының әкімі төрт округ тұрғындарымен кездескенде инфрақұрылым мәселесіне баса мән бердіТө
Президент тапсырған жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, инфрақұрылыммен, жарықпен қамту.
Бұл бағыттағы жұмыстар Төлеби ауданында жоспарлы түрде кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Осы мәселелердің түйінін шешу мақсатында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жұмыс кестесіне сәйкес, аудандағы қала, ауылдық округтерді аралап ондағы шешімін күткен өзекті мәселелермен танысып, халықпен кездесуде.
Аудан басшысы Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде болып, ондағы «Jasyl quat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Серіктестік өз қаражаты есебінен су электр станциясының құрылысын жүргізуде. Станцияның қуаттылығы сағатына - 2 мегаватты құрайды. Нысан құрылысын 2025 жылы аяқтап іске қосу жоспарланған. Бұл инвестициялық жоба жүзеге асқан жағдайда тұрғындар үшін тұтынатын электр жарығының бағасы «Оңтүстік жарық транзит» мекемесі ұсынып отырған тарифтен төмен болмақ. Сондай-ақ, станцияда 10 жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Аудан басшысы кәсіпкермен тілдесіп, туындаған мәселелермен танысты.
Сондай-ақ аудан әкімі Сарқырама мен Мәдени елді мекенінің тұрғындарымен де кездесіп, пікір алмасты. Оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді. Ауылдық округтегі екі елді мекен тұрғындары баспана құрылысын жүргізу үшін жер телімін бөлуді, елді мекеннің бас жоспарына өзгеріс енгізу сұрады. Ауылды ағын сумен қамту мақсатында каналдарды жөндеп, балабақша ғимаратын кеңейтуді өтінді. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің шешу жолдары қарастырылатынын айтып, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге Мәдени елді мекенінің кіре берісіндегі көпірдің құрылыс жұмысын көрді. «ДАР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан көпір құрылысының ұзындығы 21,10 метр. Нысанды кестеден кешіктірмей тапсыруды міндеттеді аудан басшыс мердігерге.
- Президентіміз Жолдауында 2025 жылы елді мекендерді таза ауыз сумен қамту жұмыстарын аяқтауды тапсырған. Бүгінгі күні бұл бағытта ауданда атқарылған жұмыс көп. Биыл біршама жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыс әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, таза ауыз су тапшылығы мәселесін жоюға жұмылдырылуда. Аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен ескі құбырлар ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Мәселен, Зертас ауылдық округіндегі Жаңакүш елді мекеніне өткен жылы орталықтандырылған таза ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, биыл аяқталып, үй-үйге тартылуда, - дейді Еркеғали Әлімқұлов.
Аудан басшысы Зертас ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуде осы таза ауыз су құбырының құрылысымен танысып, елді мекенді ұялы байланыс, сапалы интернетпен қамту мәселесіне назар аударды. Зертас Мәдениет үйіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысқан еді. Жалпы Зертас ауылдық округінде «AZIA MILK» маркасымен ірі сүт фермасы іске қосылмақ. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаның жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайды. Елді мекен шетіндегі 10 гектар аумаққа израильдік технология негізінде ферма ашуды көздеген кәсіпкер 1200 бас ірі қараға арналған қора, жем-шөп жинайтын орын, сүтті жинап әрі сүт өнімдерін дайындайтын арнайы ғимарат салмақ.
Сондай-ақ аудан әкімі жеке кәсіпкер Қ.Омартаевтың ағаш өңдеу цехымен танысты. Іске қосылғанына 5 жылға жуықтаған цехта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Соңғы үлгідегі сапалы есік, үйге қажетті жиҺаздар мен баспалдақтарды тапсырыс берушінің қалауымен арнайы дизаймен дайындайды. Кәсіпкердің сөзінше, нарықта қазақы ою-өрнектермен нақышталған есікке сұраныс жоғары.
Зертас ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратында округ халқымен кездескен аудан әкімі ауданның дамуы бағытында жүзеге асатын жобалармен таныстырды. Ауданда шағын кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу негізгі бағыттар екенін айтты. Ашық еркін форматта өткен кездесуде халықтың ұсынысын тыңдап, пікірлеріне назар салып, сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ Еркеғали Әлімқұлов Ленгір қаласындағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады. 222 гектар аумаққа орналасқан «Алатау» шағын ауданына инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Автомобиль жолдарына 22,4 шақырым асфальт төсеу, суағар орнату, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жер кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер телімдерінде электр жүйелері, ауыз су құбырлары тартылған. Нысан құрылысы аяқталғанда 562 азамат жер теліміне ие болады. Сонымен қатар, «Алатау» шағын ауданындағы 2 гектар жер теліміне ПС-110/10 киловатты қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Электр қосалқы станциясы іске қосылған жағдайда аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» шағын аудандарындағы жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар сапалы электр энергиясымен қамтылатын болады. Жұмыс барысын бақылаған аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне құрылысты жоспар бойынша мерзімінде, сапалы аяқтауды, сонымен қатар, тиісті бөлім басшысына жұмыс барысын қадағалауды тапсырды.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың ауданның тыныс-тіршілігімен танысу бағытындағы іс-сапары Аққұм ауылдық округінде қортындыланды. Мұнда аудан басшысы Аққұм елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория құрылысымен танысты. Денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы биылғы жылдың тамыз айында басталған. Жоба құны 245 миллион теңгені құрайды, ал құрылысын «Асар строй групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Аудан әкімі Аққұм елді мекенінің ауыз суының жағдайына көңіл бөлді. Момынай елді мекенінде тұрғын үй салу үшін берілетін жаңа массивке жүргізіліп жатқан инфрақұрылым жүйелеріне назар аударды. 99 гектар жер теліміне ауыз су, электр жүйелері жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғанда 373 жер телімі тұрғын үй құрылысы үшін беріледі.
Момынай мәдениет үйінде өткен кездесуде тұрғындардың уәждерін тыңдады. Аудан басшысы кездесуде көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді. Сөйтіп, бірнеше ауылдық округ тұрғындарымен кездескен аудан әкімі ондағы халық көтерген мәселелердің хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.