«Жасыл белдеу» аясында Түркістан өңірінде 240 гектарға ағаш көшеттері отырғызылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырға «Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысында жалғасын табуда. Аймақта акция аясында күзгі тал отырғызу, тазалық жұмыстары өз ретімен жалғасуда. Кеше Түркістан қаласы мен аудандарда экологиялық шара аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Түркістан облысы әкімінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың айтуынша, әуежай бағытындағы жолдың бойы жаңа көшеттермен толықтырылып, тіректерді жөндеу және жабайы шөптерді тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы 240 гектар жерге түрлі ағаш көшеттері отырғызылған. Олардың қатарында боз арша, жай арша, қарағаш, терек, айлант, жиде, тұт, бадам секілді көшет түрлері бар. Аталған шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық ауыл шаруашылығы және облыстық ветеринария басқармасы мен «Жасыл аймақ» мекемесінен жалпы 3 мыңнан аса адам қатысып, 200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облысымызда күз және көктем мезгілдерінде ағаштар отырғызу дәстүрге айналып келеді. Тереңдігі мен тамырының орналасуы бақылауда. Ауа райының ерекшелігін есепке алып, ағаштардың жерсіну көрсеткішін арттыруға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қала айналасынан жасыл желекті алқап құрылған болатын. Бүгінгі таңда «Жасыл белдеуде» толықтыру және күтіп-баптау, қала аумағын тазалау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда, – деді басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев.
Атап өтерлігі, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, күзгі көгалдандыру жұмыстары қараша айының ортасында басталған болатын. Бұл жұмыстар 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Сонымен қатар биыл күз айларында өңірде 467 мың түп көшет отырғызылады деп күтілуде.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында « «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деп айтқан Президент «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екенін ескертті. Осы ретте Түркістан облысында қолға алынған биыл да, алдағы жылы да жалғасын таба беретін болады», - дейді Түркістан облысы әкімінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.