Сайрам ауданында көшпелі мәжіліс ұйымдастырылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше басымдық бергені белгілі. Осы ретте биыл облыс шаруа қожалықтардың күшімен көп жұмыс атқарылды.
Ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бағамдау үшін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сайрам ауданына арнайы барып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша көшпелі мәжіліс өткізді.
Аудан әкімі Арман Сәбитов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес агроаймаққа бөлінген 90 гектар бойынша атқарылатын жұмыс жоспарын ұсынып, жобаларды таныстырды. «Ауданда «Gen Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жылыжайында банан өсіруді жолға қойылған. Серіктестік қосымша 6 гектарға жылыжай салып, қызанақ және құлпынай өсіруді қолға алуда. Жоба толық іске асқан жағдайда жылына 3 мың тоннадан астам қызанақ, 130 тоннадан астам құлпынай жиналады деп күтілуде. Ал «Korkem» сауда белгісімен танымал «Наурыз-5» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеміс қабылдау, көкөністерді өңдеу, қалбырлау және нарыққа шығару барысында жұмысын жолға салған. «Kaz Eco Meat» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі қара мал бордақылау және мал сою кешенінің құрылысын 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Беларусь, Қытай және Түркия елдерінен арнайы қондырғылар сатып алынған. Ал «Nurym Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрама жем өндіретін зауытты жыл соңына дейін іске қоспақ», - деді аудан әкімі.
Сондай-ақ жиында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай баяндама жасады. Ол облыс әкімінің мал қозғалысына бақылау-қадағалауды жүргізу бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Қарабұлақ ауыл округі аумағына 6 блок-бекет орнатылғанын, тұрақты жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы жануарларын ілеспе құжаттарсыз тасымалдаған 100 автокөлік анықталғанын, иелеріне 1 366 040 тенге айыппұл салынғанын жеткізді. Ал аудан аумағында жұмысшы топ тарапынан жүргізілген зерделеу қорытындысын облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген баяндады. Жұмысшы топ ауыл шаруашылық жерлерінің мақсатты пайдаланылуын саралау барысында 3422 жер иеленушінің салық берешегі барын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев өз кезегінде елді мекен шегінде орналасқан мал бордақылау және сою алаңдарын агро аймаққа көшіру бойынша ұйымдастырылатын жұмыстар туралы айтты. Күн тәртібінде қаралған мәселелерді қорыта келе, аудан әкімі Арман Сәбитов ауыл шаруашылығы жануарларын бірыңғай дерекқор тізбесіне енгізу, оларды құжаттандыру ісі, статистикалық көрсеткіштер бойынша түгендеу жұмыстары жүйелі жалғасатынын мәлімдеді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков басқарма басшыларына ауданмен байланысты нығайта отырып жұмыс істеу керектігін ескертті.
- Нәтижеге жету үшін ең алдымен бірлік керек. «Менікі-сенікі» деп міндет бөліскен ұтпайды. Тірлік – ортақ, мақсат – бір. Бүгінгі айтылған кемшіліктердің бәрімізге қатысы бар деп түсініңіздер. Тапсырмалар нақтыланды, мерзім белгіленді. Ендігі ердің намысы – елдің абыройы екенін ұмытпаңыздар, - деді ол.