Сайрам ауданында «Отбасын қолдау» орталығы ашылды

Oinet.kz 22-12-2024 22

Президентіміз биылғы Жолдауында әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін атап өтті. Осы бағытта Сайрам ауданында қолға алынған жұмыстар аз емес. 

Screenshot_18.jpg

Мәселен, жуырда Сайрам ауданында мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелі жүргізуге бағытталған әлеуметтік нысандар қатары толыға түсті. Бүгін ауданымызға қарасты Қарасу ауылында «Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен осы салада елеулі қызмет жасап жүрген, біреудің қайғысына бейжай қарай алмайтын нәзік жүректі жандарға, бірқатар демеушілерге ерекше құрмет көрсетілді. «Жақсылық бар жерде тапшылық болмайды» дейді дана халқымыз. 

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлу мәселесін көтеріп жүр. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы орта қалыптастыру үшін барлық жағдайлар жасалып, көптеген оңалту орталықтары жұмыс істеуде. Ол жерде арнайы мамандар мүгедектігі бар жандарды жаңа өмірге бағыттайтын түрлі шараларды ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып келеді. Сайрам ауданы да осындай іс-шаралардан қалыс қалған емес, - дейді аудан әкімі Арман Сәбитов.

Жаңа ашылған бұл коммуналдық мемлекеттік мекеме 2024 жылы шілде айында мемлекеттік тіркеуден өтіп, орталықта 25 штаттық бірлік бекітілген. Бір қабатты ғимаратта орналасқан мекемеде қазіргі таңда 10 кабинет бар. 

Жаңа әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Арман Сәбитов алғаш сөз алып, барша тұрғындарға жылы лебізін жеткізді. Өз сөзінде, аталмыш орталықтың атқаратын жұмыс бағыттарына қысқаша тоқталды. Тұрмыс тауқыметіне тап болған аналардың  қиын жағдайларын еңсеруде, бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуде мұндай орталықтардың маңыздылығын атап, аудандық әкелер мектебінің төрағасы, Сайрам ауданының Құрметті азаматы, Сейдуалы Темірбаевпен бірге орталықтың лентасын қиды. 

Бұдан соң аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері жаңа ғимараттың жаттығу, тамақтану және жатын орындарын аралады. Мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған автокөліктермен танысты. 

Бүгінде Жаксыбек Утегенов басқаратын аталмыш мекемеде көпбалалы, аз қамтылған, зорлық-зомбылық көрген, өмірлік дағдарыс, апатты жағдайға тап болған отбасыларға неке беріктілігін сақтау бағытында құқықтық, психологиялық, әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылады.

Айта кетейік, аудан әкімі Арман Сәбитұлының қолдауымен ашылып отырған бұл орталықтың ішінде кәсіппен айналысамын деген тұрғындарға қысқамерзімді тігін, шаштараз, аспаз секілді  арнайы курстар оқытылады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер үшін ойын бөлмелері бар. Мұнда психолог, логопед, социолог мамандар жұмыс істейді. 

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы күні аталып өтті
Түркістан облысында жаңа жұмыс орындары Ұлттық жоба аясында көптеп құрылудаТүркістан облысында жаңа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу