Түркістан облысында жаңа жұмыс орындары Ұлттық жоба аясында көптеп құрылудаТүркістан облысында жаңа
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесіне келгенде алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр.
Бұл еліміздің орнықты дамуының, халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады. Президентіміз Жолдауында денсаулық, мәдениет, білім салаларымен қатар халықты жұмыспен қамту шараларына көңіл бөлгені жақсы белгілі. Осы бағытта Түркістан облысында қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, аймақта биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылған. Жалпы халықты жұмыспен қамту шараларын облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та өз бақылауына алып, қадағалауда. Жуырда оның төрағалығымен өткен жиында Түркістан облысы тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, кемшіліктер мен өзге де түйткілді мәселелер талқыланған болатын.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтынын айта келіп, «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет» дейп атап өткендей, халықты жұмыспен қамту шаралары өңірде жоспарлы жүзеге асырылуда, - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында облыс әкімінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева 2024 жылдың 10 айының қорытындысы туралы есеб берді. Оның айтуынша, мемлекеттік Ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар негізінде инфрақұрылымдық жобаларда ашылған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың міндетті зейнетақы жарнасының аударылуы бойынша республикада 4-ші орынға орналасқан. Ал субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру, Жастар тәжірибесі, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасы бағыттары бойынша төмен көрсеткіштер барын жасырмады. Облыс әкімінің орынбасары жоспарды тиісті деңгейде атқармаған Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар, Сауран аудандарының мәселелері жеке-жеке қаралып, кемшіліктерді түзетуге уақыт берді.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкаповтың айтуынша, биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 31 208 адамды жұмысқа жолдау жоспарланып, нақты 32 578 адам жұмыспен қамтылған. Жаңа және бос жұмыс орындары бойынша 39,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Ұлттық жобалар аясында 2024 жылы 397 жобаны жүзеге асыру жоспарланса оның 362-сі орындалған. 3671 жаңа жұмыс ашу межеленіп, 3106 азамат жұмысқа орналасыпты.
- Жалпы өңірімізде жұмыспен қамту шаралары аясында көп Ұлттық жоба аясында көп жұмыстар атқарылуда. Осының барлығы, мәселен, «Жастар практикасы» және «Күміс жас» жобалары, қоғамдық, әлеуметтік және алғашқы жұмыс орындарымен жергілікті тұрғындарды қамту, пробация есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айырылған, тұл жетімдер мен мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша аудан, қалалардағы жұмыстар менің төрағалығыммен өткен жиында сараланып, индикаторлардың орындалуы қаралды. Сондай-ақ Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатының нысаналы жұмсалуына тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 2023 жылы грантпен қамтылған 23 азаматтың қаржыны мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, мемлекетке қайтару бойынша сот шешімі шықты. Қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде. Ал ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жіберілген 575 азаматпен еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшарт біржақты тоқтатылды. Субсидияланған жұмыс орындарына жолданған 2517 азаматпен де келісімшарт үзілді, - дейді әкім орынбасары.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Мансап» орталықтарындағы кадрлардың біліктілігін арттыруға аса мән беруді, жұмысты жандандыру бойынша ұсыныс-пікірлерге ашық екенін жеткізді. Жоспарды тиісті деңгейде орындамаған жауапты басшыларға сын айтып, кемшіліктерге жол бергендерге тиісті шара көрілетінін ескертті. Сонымен қатар Президент тапсырған тапсырма аясында халықты жұмыспен қамту шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырды.