Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікке 1500-ден аса адам қатысты
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы сәуір айынан бері Түркістан облысы аумағында уақытылы өткізіліп келеді.
Облыста жыл соңына дейін бекітілген сенбіліктер өткізу кестесіне сәйкес, Қазығұрт ауданында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, өткізілуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек» дейді. Міне, осы қасиетті ел санасына сіңіру бізге жүктелген міндет. Халқымызда «Тазалық – маулық кепілі» дегендей қоршаған ортамызды таза ұстау барша аудан тұрғындарының міндеті. Өткен аптада барлық, ауылдық округтерде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған мыңнан аса тұрғын атсалысып, 30 техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында 11000 көшет отырғызылып, жол бойы ретке келтірілді. Ішкі жол бойлары тазаланған. Жалпы ауданда тазалық айлығы көктемінен бастап Президентіміз тапсырған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алған сәттен бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шала кеше де ұйымдастырылып, халық белсенділік танытты. Бір атап өтерлігі Киелі Қазығұрт өңірінде бұндай тазалық жұмыстары тұрақты түрде қоғаммен бірге жасалынып келеді, - дейді аудан әкімі Азизхан Исмаилов.
Тазалық – денсаулық кепілі. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Кешегі күні де әдеттегідей Қазығұртта жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Сенбілік барысында аудан тұрғындары белсенді тазалық жұмыстарын жүргізді. Таңсәріден аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың бастамасымен барша ауыл округтерде мемлекеттік орган қызметкерлері, қоғамдық қызметкерлер, аудан жастары, еріктілер тобы мен аудан тұрғындары тазалық жұмыстарына шықты. Жалпыаудандық сенбілікте республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың бойын, елді мекендердің ішкі жолдарының бойын, мекемелердің аулаларын, саябақтар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, күзгі көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу, жасыл аймақтардағы және көше бойындағы ағаш көшеттерін бұтау, арық-атыздарды тазалау секілді жұмыстар атқарылды.
Бұл жолғы тазалық жұмыстарына аудан бойынша 1500-ге жуық адам, 10-нан астам техника жұмылдырылды. Аудан әкімі Азизхан Азимханұлы аудан орталығында жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстары барысын аралап, өзі де ағаш отырғызып, тазалық жұмысына атсалысты.
- Тазалық акциясы барысында атқарылып жатқан істің баршасы Президенттің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде іске асырылып, жастарды отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар. Сондықтан, барша тұрғындарды ауданымыздың көркеюі үшін республикалық тазалық акциясына белсене қатысуға шақырамын, - деген аудан әкімі сенбілікке белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтып, тұрғындарға үндеу жасады.
Абаттандыру шарасы аясында аудан әкімі тиісті сала басшыларына жасыл желекті суғару жүйесінің тұрақты жұмыс жасап тұруын қадағалауды тапсырды. Бұдан бөлек, «Көшет егу күнінде» білім саласы қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарды қураған ағаш бұталары мен жапырақтардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Қоршаған ортаны көгалдандырумен қатар, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға да зор үлес қосатын бұл шара алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.