Келес ауданында төтенше жағдай құрылымдарының қыс айларына дайындығы пысықталды
Апат айтып келмейді. Төтенше жағдайлар қызметі қандай жағдай болмасын, әркез бәріне сақадай сай тұрады. Олар көктемде су тасқынымен, қыста боранмен алысып, бораннан жолда қалған азаматтарды құтқарады.
Жаз бен күз айларында өртпен алысады. Қашанда олар осы айтылған қауіптердің алдын алуға тырысып, жұмыстарын алдын ала жоспарлап, дайындықтарын пысықтап, оқу-жаттығулар өткізіп отырады. Келес ауданда да үнемі төтенше жағдайда жұмыла жұмыс істеуі тиіс қызмет түрлерінің дайындықтары әрдайым пысықталып отырады.
Міне, жуырда Келес ауданында «Қыс – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуы өтті. Ол оқу жаттығыдың тақырыбы – «2024 жылғы қыс кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын даярлау». Ал оқу-жаттығудың мақсаты – қыс кезеңіндегі төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет ету жасағының, күштер мен құралдардың іс-әрекетінің дайындығын тексеру болып табылады. Оны ұйымдастыру барысында шартты түрдегі оқыс оқиғалар әзірленіп, құтқарушылар, полиция бөлімі, жедел жәрдем, коммуналдық қызмет түрлері дабылмен көтерілді.
Ол оқу-жаттығы жиынына Келес аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев қатысты. Сүлеймен Жылқыбаев аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Хайрулла Кеңесовпен бірге жеке құрамның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін және жауынгерлік дайындығын тексерді.
- Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің есепті кезеңдегі оқу-жаттығу қызметі департаменттің және бөлімнің жоспарына сәйкес жүргізілуде. Сонымен бірге, аудан тұрғындарын түрлі төтенше жағдайлардан қорғау, апат салдарынан болатын материалдық шығынды төмендетуге бағытталды. Жалпы биылғы «Көктемгі су тасқыны мен сел қауіпті мерзімге аудан аумағындағы гидротехникалық құрылғылар мен арық-дренаж жүйелерінің дайындығы», «Көктем-2024» азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы», «Жазғы шомылу», «Өрт қауіпті кезең» және «Қыс -2024» кезіндегі қауіпсіздік іс-шаралары уақтысында қолға алынып, жақсы жұмыстар атқарылуда. Жыл бойы атқарылған жұмыстар аудандық төтенше жағдайлар комиссия отырысында талқыланып отырды.
Ал бүгінгі Келес ауданында азаматтық қорғаудың аумақтық құрылымдары аудандағы тиісті мекемелермен бірге құрылып аудан әкімінің өкімі шыққан. Өкімнің 4-қосымшасына сәйкес Келес ауданының азаматтық қорғаудың жоғары дайындықтағы шұғыл ден қою жиынтық жасағы құрылған. Осы шұғыл ден қою жиынтық жасағының құрамында Келес ауданы Абай ауылында орналасқан №19 өрт сөндіру бөлімінен, «Келес қызмет» мекемесінен, Жедел медициналық көмек бригадасы, аудандық полиция бөлімімнен, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалдау және автокөлік жолдары мекемесі арқылы басқада тиісті мекемелермен жалпы барлығы 32 техника, 72 адам дайындыққа келтірілген, - дейді Келес ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Хайрулла Кеңесов.
Оқу-жаттығуды басқару штабы Абай ауылында орналасқан. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың айтуынша, оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар, облыстық және аудандық қызметтер мен азаматтық қорғау құралымдары тартылуда. Оқу-жаттығу аясында республика бойынша төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізілетін болады.