Түркістан облысында жылына тұқымбақтарда 14,3 миллион түп көшет дайындау жоспарлануда
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан облысында атқарылып жатқан тазалық жұмыстары өз нәтижесін беруде. Бүгінде жол бойы, арық-атыздар мен тоғандар күл-қоқыстан аршылып, аулалар абаттандырылуда.
Жалпы Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс шара жоспарына сәйкес көп жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – ағаш отырғызу.
Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында республика бойынша елді мекендерде 15 миллион көшет отырғызу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Осыған байланысты «Түркістан облысының елді-мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған Кешенді іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 2024 жылдың көктем айларында 491 106 түп көшет отырғызылды. Ал күз айында 467,5 мың түп көшет отырғызу көзделген. Бүгінгі таңға 438 970 түп көшет отырғызылған.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте де осы күзгі ағаш отырғызу мен «Жасыл белдеуді» дамыту бағытындағы жұмыстар талқыланған еді. Өңір басшысы өз сөзінде облыстың елді мекендерін көгалдандыру, күтіп-баптау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына ерекше тоқталды. «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деп айтқан Президент «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты екенін ескертті. Осы ретте Түркістан аймағында облыс әкімдігі тарапынан ұйымдастырылып жатқан тазалық акциясы қала мен ауданның көркеюіне өз үлесін қосуда.
Дегенмен бүгінгі күні өңірде ағаш отырғызуда кемшіліктер бар. Егер де суару жүйелері жоқ болса, онда ағаш отырғызудың қажеті жоқ. Тұрақты суарып, күтім жасау керек. Егілген ағаштар жерсіне ме жоқ па соны да қадағалап, осы іспен айналысыңыздар. Бүгінгі күнге дейін қанша ағаш отырғызылды. Оның ішінде қаншасы өнгені туралы мәлімет әзірленіп ұсынылсын. Сондай-ақ «Жасыл белдеуді» ұлғайту мен көгалдандыру жұмыстары күшейтілсін, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды жиында.
Сонымен өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерімен 2024 жылдың күзі мен 2025 жылдың көктеміне жоспарланған көшеттерді босатуға толықтай мүмкіндік бар. Көшеттерді тарқату бағытында жұмыстар жалғасуда.
- Бүгінгі күні Түркістан қаласының айналысынан, қазіргі таңға жасыл белдеу құруға 30 мың гектар жерге мемлекеттік акт алынып, мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылуда. Биылғы күз және 2025 жылдың көктем айларында «Жасыл белдеу» аумағында орман екпелерін отырғызу және толықтыру жұмыстары 17 019 гектар жерде атқарылады. Негізгі басым жұмыстар Түркістан қаласын айнала қоршап тұрған «Жасыл белдеудің» 8 185 гектар аумағында жүргізілмек. Бұл жерге толықтыру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Оған мекеменің тұқымбағындағы Түркістан қаласы аумағына жерсінген көшеттер пайдаланылады. Сонымен қатар басқармаға қарасты мекемеде 120 гектар жерге заманауи орман тұқымбағын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 47 гектары тұрақты пайдаланылуда. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өндірілуде. Атап айтсақ, онда ағаштардың қылқан жапырақты 5 түрі, жапырақты 11 түрі және бұта тектес ағаштардың 5 түрі бар. Түркістан қаласының айналасындағы жасыл белдеуге және қаланы көгалдандыруға бір жылда 2,5 миллион түп әртүрлі ағаш-бұта көшеттері мен 150 мың түп бір және көпжылдық гүл көшеттері қажет. Осы орайда, жаңадан құрылып жатқан тұқымбақтың 120 гектар жерін «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне алу үшін Сауран ауданы әкімдігінен жерді заңдастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта орман тұқымбағының 120 гектар жер көлемі ұлғайып, толық игерілген жағдайда, жылына 14,3 миллион түп көшет өсіріледі деп күтіліп отыр, - дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.