Түркістан облысында колледж студенттерінің білім алуына барлық жағдай жасалған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында білім саласыда білім сапасын арттыру, жұмысшы мамандықтарын дайындауға жоғары оқу орындары мен колледждерде баса мән берілу керектігіне тоқталды.
«Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады. Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды» деді Президен. Сондай-ақ жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін тапсырды. Осы бағытта Түркістан облысында қолға алынған жұмыстар аз емес.
Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың айтуынша, Түркістан облысында 50 колледж жұмыс істейді. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі – жекеменшік. Өңірдің экономикасын дамытуда басым бағытқа ие ауыл шаруашылығы саласы мамандарын – 10, қызмет көрсету және туризм мамандарын – 3, құрылыс саласы мамандарын – 11 колледж даярлауда. Сонымен бірге медицина, өнер және гуманитарлық салалар, педагогика, техникалық және көпсалалы білім мекемелері де бар.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек. Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс» дей отырып, жоғары оқу орындарымен қатар колледждердің де кадр дайындаудағы артықшылығын, олар да кадр саласында бәсекелес бола алатындығын айтты.
Жалпы өңірдегі колледждерде 75 мамандық бойынша 47142 студент білім алуда. Оның 35708-і мемлекеттік тапсырыспен, 11434-і ақылы негізде білім алады. Оларға 3041 педагог 214 өндірістік оқыту шебері қызмет етеді, -дйді Айгүл Қасымбекова.
Жуырда колледждерде білім сапасын көтеру, техникалық базасын жақсарту облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде де қаралған болатын. Онда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Білім басқармасы басшылығы мен жауапты тұлғаларға аталған білім мекемелерінің жұмысын жүйелеп, қоғамға қажетті мамандықтар бойынша грантты көбейтіп, мемлекеттік тапсырысты оңтайландыруды тапсырды. «Бюджеттен колледждерге қыруар қаржы бөлініп отыр. Ал білім сапасы соған сай ма? Зерделеу, мониторинг жұмыстарын жалғастырыңыздар. Студенттері сабаққа бармайтын, білім сапасы төмен колледж директорларының өз лауазымына сәйкес немесе сәйкес еместері бойынша ұсыныс беріңіздер. Жұмысын дұрыс атқара алмай жүргендеріне заң шеңберінде шара көрілсін. Оқу үрдісін дұрыс үйлестіре алмайтындар орнын босатулары қажет. Екіншіден, жаңадан енгізілетін мамандықтар, оларды білікті ұстаздармен қамту ісіне талдау жасалып, мәлімет ұсынылсын. Бұл мәселені тағы да қарап шығамыз. Жатақхана салу, құрал-жабдықтар бойынша да тиісті ұсыныстар берілсін», деген тапсырмалар берген болатын аймақ басшысы Дархан Сатыбалды.
Жалпы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың айтуынша, биылғы оқу жылына бөлінген 15525 мемлекеттік тапсырыс орны толық игеріліп, студенттер қабылданған. Қазіргі таңда 260 студент оқудан шығарылды. Олардың арасында өз өтініштерімен әскерге және академиялық демалыс алғандары бар. Колледж студенттерінің сабаққа қатысуына ай сайын мониторинг жүргізіледі. Мониторингті автоматтандыру мақсатында 25 мемлекеттік колледж білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін FACE ID жүйесін орнатқан.
- Өңірдегі мемлекеттік 25 колледждің 9-ың базасы 2020-2021 жылдары «Жас маман» жобасы аясанда республикалық бюджет есебінен 2,5 миллиард теңгеге заманауи құрал-жабдықтармен толығып, жабдықталған. Өткен жылы облыстық бюджеттен 18 колледждің базасын нығайтуға 1,8 миллиард тенге бөлініп, құрал-жабдықтар сатып алынды. Биыл 10 колледжге 700 миллион теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары 7 колледж бен жылу жүйесін газға ауыстыру 3 колледжде жүруілуде. Облыс әкімінің тапсырмасымен оңтүстік аудандардағы колледждерді IT саласына бейімдеу мақсатында 1 колледжге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 150 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні облыстағы арнаулы оқу орындарында студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыруға басымдық берілуде. Студенттер ветеринария, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өзге да салаларға өндіріске араласу арқылы бейімделуде. «Агрономия» мамандығының студенттері жылыжайда қияр, қызанақ, құлпынай және басқа да дақылдарды отырғызу, баптау, теру және тұтынушыға өткізу сатысына дейін үйренсе, тағы бір білім ордасында студенттер жібек шаруашылығын дамыту үшін тұт ағаштарын өсіру ісін меңгеруде. Балықты терең өңдеу, ІТ саласын дамыту бағытын үйретуде де жұмыстар жанданған. Биыл «WorldSkills Kazakhstan-2024» чемпионатында Түркістан өңірінің колледж студенттері 2 алтын, 1 күміс, 4 қола, 11 арнайы медальон жеңіп алып, жалпыкомандалық 6-орынды иеленді, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова.
Жалпы жыл сайын Түркістан облысындағы колледждерге мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлініп, материалдық техникалық жабдықталуы жақсара түскен. Маман дайындауда да колледждердің қосып отырған үлесі зор.