Түлкібас ауданында жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу жайы сөз болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген болатын. Жолдауда аса мән берілген бұл тақырып аясында елімізде түрлі шаралар қолға алынып, жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, жуырда Түлкібас ауданына қарасты Б.Садықов атындағы жалпы білім беретін мектепте аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның бірлескен шарасы аясында «Құқық, әділет және парасат жолы» атты тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Ол жиынға аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков, аудан прокуроры Нұрғали Асқанбеков, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева (онланй форматта), полиция қызметкерлері мен жасөспірім тәрбиесімен айналысып жүрген тәлімгерлер қатысты. Бұл шараның мақсаты – оқушыларға құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын түсіндіру, әділеттілік пен парасаттылық ұғымдарының мәнін ашып, оқушыларды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Жиынды аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков ашып, сөз сөйледі.
- Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғау, оларға қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмау. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балаларды әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғау бағытында бірқатар заңнамалық реформалар жүзеге асуда. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Дегенмен, осыған қарамастан балалардың зардап шегу деректері азаймай отыр. Бұл ретте, жауапты мемлекеттік органдар өз міндетіне салғырт қарауы және білікті мамандардың жетіспеу мәселесі де бар. Себебі, соңғы жылдары облыста балалар және ауданда жасөспірімдердің қатысуымен және оларға жасалған қылмыстардың көрінісі азаймауда.
Бұған қоса, ювеналды инспекторлардың жетіспеуі де мәселені күрделендіріп отыр. Бүгінгі күнге білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы қатерді анықтап, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлағаны үшін рейтінгтік көрсеткіштің оң бағалау тәжірибесі енгізілді.
Талдау көрсеткендей, әлі де болса мектеп әкімшілігінің оқыс оқиғаларды жасыру фактілері бар. Өкініштісі, оқушы өзінің қиын жағдайы туралы «қызыл» белгі берсе де, жауаптылардың тиісті шара қабылдамауы орын алуда. Білім бөлімі оқушылармен тығыз жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуі қажет, - дей келіп, аудан әкімі бұл жиында мәселені тиімді шешуге арналған нақты ұсыныстар айтылады деген сенімде екенін жеткізді.
Одан кейін сөз алған аудан прокуроры Нұрғали Асқанбеков балалар құқығын қорғау, алдын алу бағытында ұйымдастырылып отырған жұмыстардың барысына тоқталды. Прокурор білім ошақтарында мектеп психологтарының жұмысының тиімділігін арттыру туралы сөз қозғады.
Психологтарға мектеп басшылығы тарапынан артылған жүктемені азайтып, тек балалармен жұмыс істеп, сауалнама жүргізіп, қылмыстың алдын алу мен суициттің алдын алу бойынша жұмысты жандандыру керектігін жүктеді. Сөйтіп жиынға қатысушыларды еркін пікір алмасуға шақырды.
Жиынға онлайн қатысып отырған Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажетті іс-шараларын жүргізу туралы» тақырып аясында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында психологтардың жұмысына кеңірек тоқталып, олардың балалармен, ата-аналармен жұмысын жандандыра түсу керектігін сөз етті. Жасөспірімдер арасында сауалнамалар жүргізгенде неге мән керу керектігін айтып, жақсы кеңестер беріп, тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу барысында оқушыларға заңның қоғамдағы рөлі, құқықтық тәртіп пен жеке жауапкершілік туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ, заңға қайшы әрекеттердің салдары жайлы нақты мысалдар келтіріліп, құқықтық сауаттылықтың маңыздылығы айтылды.