Түркістан облысында облыс әкім аппаратының қызметкерлері анықтаған 170 қоқыс орны ретке келтірілді
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Осыған орай Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы бірнеше бағытта жүргізіліп келеді.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл соңына дейін 807 сенбілік өткізу жоспарланып, 20 маусым - 22 қараша аралығында 768 сенбілік ұйымдастырылған. 18 қараша-22 қараша аралығында 45 сенбілік өткізілген.
- Президентіміз Жолдауында тапсырған «Таза Қазақстан» акциясы барысы кеше Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығыммен өткен жиында да талқыланды. Өткен аптада облыс көлемінде 45 сенбілік өткізіліп, акция бүкіл қала мен аудан көлемінде жалғасын тауып, оған әсіресе жастар көптеп қатысты. Мұның баршасы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар. Ал өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық, абаттандыру жұмыстарын жүйелі атқаруды тапсырып отыр. «Таза Қазақстан» акциясын тұрақты қадағалауда тұр. Тиісті міндеттер жүктелген. Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуі керек. Елді мекендерде тазалықты сақтау, экологиялық сауаттылықты көтеру, түсіндіру жұмыстары жалғаса береді. Барлық құрылым осы іске атсалысуы тиіс» деген аймақ басшысының тапсырмасы аудандарда жоғары деңгейде орындалуда, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Мәселен, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен аптада Шардара, Қазығұрт елді мекендердің санитарлық тазалығының жай-күйіне мониторинг жұмыстары жүргізіліп, стихиялы қоқыс үйінділері анықталып, оларды тез арада жою мақсатында ауыл әкімдігімен бірлесіп, арнайы техника мен құралдар тартылған. Өңірдегі ауылды аймақтардың экономикасын өркендетіп, тұрғындар үшiн қолайлы өмір сұру ортасын қалыптастыру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» байқауы өтіп, жеңімпаз анықталған.
- Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша, өңірдегі ауылдардың экономикасын өркендетіп, тұрғындар үшiн қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында «Үлгілі ауыл» байқауы қолға алынған болатын. Облыстық конкурстық комиссияның отырысында салалық басқарма басшылығы, облыстық мәслихат, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері аудандардан түскен өтініштерді қарап, байқаудың жеңімпаздарын анықтады. Нақтырақ айтқанда, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылы бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі І орын Шардара ауданы, Көксу ауылына бұйырса, ІІ орын Сарыағаш ауданы, Мәдениет ауылына, ІІІ орын Созақ ауданы, Жартытөбе ауылына бұйырды. Естеріңізде болса, ережеге сәйкес байқау екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңі – сәуір мен тамыз аралығында аудан көлемінде ұйымдастырылса, ал екінші кезең – облыстық деңгейде қыркүйек пен қараша аралығында жалғасын тапты. Байқаудың аудандық кезеңіне 16 аудан, қаладан жалпы 75 ауыл қатысқан. Нәтижесінде, облыстық кезеңге 16 ауыл жолдама алып, бақ сынады. Сонда Бас жүлде иегеріне, яғни Қазығұрт ауданындағы Шарбұлақ ауылы үшін қажетті әлеуметтік нысан анықталып, 2025 жылға аталған нысанның құрылысы үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлу жоспарлануда, - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Бұдан бөлек, Түркістандағы индустриалды аймақты жинап, ретке келтіру жұмыстарын жүргізу көзделген. Мердігер мекемеге, жауапты басқармалар және қала әкімдігіне бекітілген секторлардың 70 гектары аумағында ретсіз өскен өсімдіктерді тазалау, реттеу, аймақты жарықтандыру, тазалық жұмыстары атқарылған. Облыс әкім аппаратының қызметкерлері анықтаған 170 қоқыс орнының 164-і ретке келтіріліп, қалған 6 орында тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Ал өткен сенбілікте Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетті қалыптастыру, ауданды көркейту, көгалдандыру жұмыстары 55 елді мекенде жүргізілген. Тазалық шаралары нәтижесінде облыстық маңызы бар 35 шақырым, аудандық маңызы бар 42 шақырым жол бойлары, 65 шақырым ішкі көшелер тазаланды. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шараға 700 ге жуық адам қатысты. Сондай-ақ күзгі ағаш көшеттерін отырғызу іс-шаралары да өз жалғасын тапты.