Созақ ауданында 24 тұрғын үй мен 900 орындық мектепті пайдалануға беретін күн жақын

Oinet.kz 20-12-2024 24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көтерілген бағыттардың ауқымы кең. 

Screenshot_29.jpg

Көлік-логистикасы, инфрақұрылым, білім, денсаудық, бұқаралық спортты дамыту мен әлеуметтік салада жоспарланған құрылыс жобалары көп. Әсіресе агроөнеркәсіп пен индустриалды аймақтарға инвестиция тарту да Жолдаудың негізгі бағытына айналған. Осы Жолдауда айтылған бағыттардың барлығы да Созақ ауданында кеңінен қамтылған. Мұнда ауданның даму жоспарына енгізілген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың игілігін созақтықтар көруде. 

Кеше аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан 2 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысын бақылауға алды. Әрбір үйді жеке-жеке аралап, құрылыс сапасын тексерді. Оның сәулеті мен суыққа төзімділігіне айрықша назар аударды. Құрылысқа жауапты мамандарға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктелді.

- Президентіміз Жолдауында құрылыс саласына басымдық беріп отырғаны белгілі. Жалпы ауданда құрылыс жұмыстары барлық салада жолға қойылған. Тұрғын үй, мектеп пен денсаулық, спорт пен мәдениет саласы болсын, таза ауыз су мен жол болсын, барлығында ілгерілеу бар. Қазіргі таңда 2 пәтерлі 21 тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Қалған үш тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жақын арада тәмамдалып, жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарлануда. Тұрғын үйлердің сыртқы фасадтары травертинмен безендіріліп, аулалары темір қоршаулармен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық жүргізіліп, қабырғалары түсқағаздармен безендірілуде. Едендері де төселіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Әр үйдің жалпы алаңы – 71,1 шаршы метрді құрайды, - дейді аудан әкімі.

Бір атап өтерлігі бұл жоба Президент Жолдауында көтерілген әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған.

Бұдан бөлек, ауданда Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын. Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек. Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек» екенін тапсырған. Міне, кеше аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болып, ондағы мердігер мекеменің өкілдерімен кездесті. 

Бір атап өтерлігі ондағы құрылыс жұмыстары да аяқталып келеді. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының ішкі және сыртқы жұмыстарының қарқыны арта түскен. Ғимараттың фасадтары травертинмен қапталып, мектептің сыртқы келбеті сәнді әрі заманауи сипатқа ие болуда. Сонымен қатар, құрылыс аймағында абаттандыру жұмыстары да қоса жүргізіліп, аумағына асфальт жабындысы төселіп, көлік тұрақтары ретке келтірілуде. Бұл жоба ауданның білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға заманауи және жайлы оқу ортасын ұсынуға мүмкіндік береді.

Жетісай ауданында қытайлық инвестор жаңа зауыт салуға ниетті
Созақ ауданында зорлық-зомбылыққа қарсы акция басталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу