Қазығұрт ауданында 10 айда өндірілген өнім 96,4 миллиард теңгені құрады
Облысымыздың өзге аймақтарына қарағанда Қазығұрт ауданында шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылған. Оны өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тартылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымының кеңдігінен байқау қиын емес.
Кәсіпкерлерге мұнда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да көп.
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, осы жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 96,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға артық орындалған. Оның 58,4 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығы, 9,3 миллиард теңгесі құрылыс саласына, 12,1 миллиард теңгесі өнеркәсіп, 16,6 миллиард теңгесі сауда саласына тиесілі.
Бұдан бөлек, жалпы биыл ауданда мал шаруашылығында 35,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, егін шаруашылығында 22,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы 61 елді мекенің 59-ы таза ауыз сумен қамтылып, қамту көрсеткіші - 96,7 пайызды құраған. Сондай-ақ, 61 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған электр жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 98,4 пайызға жеткен. Сонымен қатар, 61 елді мекеннің 49-ы орталықтандырылған табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 80,3 пайызға жетіп отыр.
- Президентіміз Жолдауында негізгі бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Мемлекет басшысы айтқандай ауданымыздың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамытуға басымдық берілуде. Бұл тапсырма бірінші кезекте инвестиция тарту арқылы мүмкін болуда. Атап айтар болсақ, биылғы 10 айдың қорытындысымен ауданға 36,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жалпы Қазығұрт ауданында 2024-2030 жылдар аралығында инвестициялық құны 55,1 миллиард теңгені құрайтын 45 жобаны іске асырып, 1364 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында құны 30,8 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып, 390 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал, ауыл шаруашылығы саласында құны 18,9 миллиард теңге болатын 18 жобаны іске асыру көзделуде, нәтижесінде 784 адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінгі күні аудандағы Тұрбат ауылында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өнім көлемін арттыру үшін 60 гектар алқапқа «Тұрбат» агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. Аталған аймақта 3,8 миллиард теңгеге жылыжайлар салынып, 416 адам жұмыспен қамтылмақ, - деді аудан әкімі Азизхан Исмаилов.
Бұдан бөлек, ауданда 2025-2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 3,3 миллиард теңге болатын 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар іске асқан жағдайда аудандағы туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны екі есеге артпақ. Сонымен қатар, ауданда 2024-2030 жылдары тамақтану және сауда саласынды 2,1 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Қорыта айтқанда, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, ауданды дамыту үшін негізінен ауыл шаруашылығы, сауда, өнеркәсіп және құрылыс саласы бағыттарына басымдық беріліп отыр. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жандана түспке.