Төлеби ауданы әкімдігінде болған қабылдауда тұрғындар көтерген біршама мәселе шешімін тапты
Президентіміздің тапсырмасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы билік пен халық арасын жақындата түскені белгілі.
Бүгінгі күні аудан және ауыл әкімдері осы тұжырымдаманы басшылыққа алып халықпен кездесіп, есеп беріп, жеке қабылдаулар ұйымдастырып, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, шешуге күш салуда. Міне, жырда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында, Төлеби аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Серікбаев «Ашық кеңсе» ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келгендер тұрғын үй кезегіне қатысты сұрақтарын қойып, таза ауыз су, жер, түнгі жарық шамдарын орнату мәселелерін сөз етті. Мәселен, Зертас елді мекенінің тұрғыны Ж.Мергенбаева, Қасқасу елді мекенінің тұрғыны М.Шалданбаева тұрғын үй кезегі туралы өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, көпқабатты үйлерден пәтер алу кезегіне қатысты сала мамандарынан кеңес алды. Ал Қасқасу елді мекенінің тұрғыны А.Пернеева қазақ халқының бағына біткен таланттардың қатарында болған шығыс жекпе-жек өнерінің шебері, суретші Бексейіт Түлкиевтің 70 жылдығына орай іс-шара ұйымдастыруды көздегенін, бауыры Мейірман Пернеев шахмат ойынының жеңімпазы атанғанын айтып, әкесі Ертай Пернеевке ауданның «Құрметті азаматы» атағын беру мәселесін сөз етті.
Сондай-ақ Тасарық елді мекенінің тұрғыны А.Төлтебай ауылдағы қара шаңырақтағы үй бас жоспар дайындалғанда елді мекен аумағынан шығып қалғанын айтып, оны өзгертуге көмек сұрады. Ал Бірінші Мамыр елді мекенінің тұрғыны Таубай ата көшесіне түнгі жарық шамдарын орнатуды сұранды. Алатау ауылдық округ тұрғыны М.Жұматаева өзінің білім беру саласында 10 жыл еңбек еткенін, округ аумағындағы мектептерге тұрақты жұмысқа орналасуды өтінді. Сол сияқты, Қасқасу ауылдық округ тұрғындары Д.Алханов, Е.Бексәйітов интернет жылдамдығын арттыру, түнгі жарық шамдарын орнату, құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген таза ауыз су жүйесіне қатысты мәселелерді көтерді. Қайнар елді мекенінің тұрғыны Нұрлысай көшесіндегі жарамсыз күйге түскен электр бағаналарын ауыстыруды сұраған болатын.
Ал қабылдау барысында тұрғындардың көкейлеріндегі мазалаған сұрақтарға жауап беріп, туындаған мәселелерді шешу, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ұсыныс өтінімдерін қабылдау – аудан әкімдігінің басты міндеттерінің бірі. Төлеби аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Серікбаев қабылдауда айтылған мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Әр келген азаматтың көкейіндегі сұрақтардың шешімі табылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бірқатар мәселелер дереу шешіліп, аталмыш шара айтарлықтай халық көңілінен шықты.
– Аудан әкімдігі осындай ашық қоғамдық қабылдауларды жиі өткізіп тұрады. Кейде Amanat партиясымен бірге өткізетін қоғамдық қабылдау бөлмелері халықпен арадағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін бірден-бір байланыс көпірі болып отыр. Сондай-ақ, біз әрдайым шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қолжетімді мүмкіндіктер жасау, оларың мұң-мұқтажын тыңдау мақсатында республикалық мобильді қоғамдық қабылдау жұмысын да ұйымдастырып келеміз. Ауыл тұрғындарының бүгін көтерген мәселелері біздің назарымызға алынып, олардың алдағы уақытта оң шешілуіне ықпал ететін боламыз. Кейбірін ауданның дамуның бас жоспарына енгізіп, сол арқылы шешетін боламыз, – деді Лесбек Серікбаев.