Сауран ауданы әкімінің орынбасары жеке қабылдау өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда аймақ әкімдеріне тапсырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы билік пен халық арасын жақындата түскені белгілі.
Бүгінгі күні аудан және ауыл әкімдері Мемлекет басшысының 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында халықпен кездесулер өткізуде. Президент Жарлығына сәйкес Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев Шорнақ және Майдантал ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесу өткізіп, көшпелі жеке қабылдаулар ұйымдастырды.
- Өздеріңіз жақсы білесіздер. Президентіміз биылғы Жолдауында әкімдерге көп міндет жүктей отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын басшылыққа алып жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ Президентіміз: «Аймақ басшысы шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы» дей келіп, халықпен етене араласып, жұмыс істеуді тапсырды. Міне бүгінгі кездесудегі мақсатымыз – тұрғындармен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауылдардағы проблемаларды жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Аудан халқының ең басты күнкөрісі диқаншылық. Сондықтан жердің жағдайын жақсарту бойынша барынша жұмыс істейміз. Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жалғасады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды, - деді аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев.
Шорнақ және Майдантал ауылдық округтерінің тұрғындарымен өткен кездесуде және жеке қабылдаулар барысында ауыл тұрғындары әр түрлі мәселелермен өтініш білдірді. Атап айтқанда, таза ауыз су, жол жөндеу, жұмыс орындары және ауыл шаруашылығының даму бағыттары туралы сұрақтар көтерілді. Тұрғындар ауылдардағы инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл жастарына арналған қосымша жұмыс орындарын ашу қажеттілігі туралы пікірлерін білдірді.
Ербол Жанғазиев тұрғындардың әрбір мәселесін мұқият тыңдап, жауаптар беріп, бірқатар мәселелердің шешімін табуға уәде етті. «Біздің мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын арттыру, олардың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатта аудан әкімдігі әрдайым халықпен тығыз байланыста болады. Сіздердің мәселелеріңіз біз үшін өте маңызды, сондықтан оларды шешу үшін қажетті шаралар қабылданатын болады», – деді аудан әкімнің орынбасары.
Шорнақ және Майдантал ауылдық округтерінің тұрғындары осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, олардың өз проблемаларын жергілікті билік өкілдеріне тікелей жеткізу мүмкіндігін жоғары бағалады.
- Кездесу барысында көтерілген мәселелердің шешімдері бойынша арнайы жұмыс топтары құрылып, аудан әкімдігі мен тиісті мемлекеттік органдар тарапынан бақылауға алынатын болады. Жергілікті инфрақұрылымды жақсарту, ауыл тұрғындарына қолдау көрсету мақсатында нақты жоспарлар құрылады. Бұл шара аудан тұрғындары мен билік арасындағы сенімді әрі тиімді қарым-қатынасты нығайта түсері анық. Қорыта айтқанда, көшпелі қабылдаулар халықтың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттырып, өзекті мәселелердің уақытылы шешілуіне мүмкіндік береді, - дейді аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев.