Келес ауданында депутат спорт алаңшасын салып берді
Президентіміз биылғы халыққа арнаған Жолдауында инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілетінін айтты.
Сондай-ақ инвесторлар ел азаматы ретінде жұмыс істеп отырған аймақтағы халықтың рухани-мәдени дамуына үлес қосуға тиіс екенін ескертті. «Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады» дей отырып, Мемлекет басшысы инвесторлардың қайырымды істерден тыс қалмауға үндеді.
Жалпы Келес ауданда жұмыс істеп жатқан инвесторлар балалар ойын алаңдарын, спорт кешендері мен жаяу жүргінші жолдарын төсеп, басқа да қайырымды істерден шет қалмауда. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша Келес ауданында демеушілер есебінен спорттық ашық алаңша пайдалануға берілген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады» дейді Президент. Сондықтан да жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстар ауданда жоспарлы қолға алынып отыр. Атап айтар болсақ, бүгінгі күні Келес ауданында жалпы 229 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде, 1 стадион, 10 футбол манежі, 54 спорт зал, 20 ашық спорт алаңшасы және 144 жазықтық ашық алаңдары бар.
Биыл «Ауыл – Еел бесігі» жобасы шеңберінде Абай ауылындағы Асан қайғы көшесі бойынан 250 орындық спорт кешенінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда Қошқарата және Біртілек ауылдық округтерінде 4 спорт алаңшасын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде, - дейді аудан әкімі.
Жаңа спорт алаңшасының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев демеуші болған азаматқа алғыс білдіріп, ауыл жастарын және тұрғындарын жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуімен құттықтады.
— Түркістан облысының депутаты Бахыт Мүсірәліұлы Басымбектің демеушілігімен бүгінгі күні ауданымыз тағы бір заман талабына сай 800 шаршы метр құрайтын спорттық ашық алаңшамен толығып отыр. Бахыт Мүсірәліұлының бұл бастамасы көптеген ауданымыздың азаматтарына үлгі болары анық. Болашақта жастарымыз салауатты өмір салтын ұстап дене шынықтыру мен спорттың бұқаралығын арттырады деп сенемін. Спортшыларымыз ауданымыздың намысын қорғап, көк туымызды көкте желбірете берулеріңізге тілектестігімді білдіремін, - деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
Жалпы соңғы екі жыл ішінде Келес өңірінде жалпы 8 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 2 нысанды кәсіпкерлер жеке қаражаты есебінен салса, қалғаны жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған.