Сарыағаш ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар нысандар салынуда
Сарыағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жобалар аз емес. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі», «Жайлы мектеп» жобасы да, «Ауыл аманаты» жобасымен бірге өзге бағдарламалар мен жобалар сияқты өз тиімділігін көрсетті.
Әсіресе Президент Жолдауында көзделген міндеттер мен бағдарлар осы жобаларды іске асыру барысында маңыздылығын дәлелдей түсті.
Биыл Сарыағаш ауданында әлеуметтік нысан құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қанағат елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана салынуда. Бүгінгі күні Мәдениет үйі мен кітапхана құрылысының негізгі құрылыс жұмысы аяқталып, әрлеу мен айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, нысанға кіре-беріс баспалдақтарына бетон құю, сыртқы қоршау жұмыстары жасалған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, акт залының сахнасын және нысанның құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары басталып кеткен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар мен жобалардың ел игілігі үшін жұмыс істеуі керектігін үнемі айтып, билікке тапсырып отыр. Сондай-ақ өңірлерді өркендетуге, өндіріс ошақтарын дамытуға, индустриалдық аймақтардың жұмысын жандандыруға Жолдауында айтарлықтай көңіл де бөлгені белгілі. Осы айтылған міндеттерді асыруда, инфрақұрылым мен шағын кешендердің құрылыс жұмысын жүргізуге бірінші кезекте «Ауыл – ел бесігі» жобасының көп септігі тиіп отырғаны жасырын емес. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды да жоба аясындағы жұмыстардың сапалы жүзеге асырылу керектігін үнемі аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есіне салып отыр. «Бұл жоба елді мекендердің инфрақұрылымы мен тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етуде. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары бірлесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуі тиіс» деп тапсырғанындай бүгінгі күні бөлінген қаржыны уақтылы игеруге, құрылыс нысандарын өз мерзімінде аяқталуға басымдық берілуде, – дейді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Сондай-ақ, аудан әкімінің айтуынша, ауданға қарасты 4 елді мекеннің мәдениет үйі құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары меморандумға тұру арқылы демеуші есебінен жасалып, 4 нысанға оң қорытынды алынып, қазіргі таңда салалық басқармаларға бюджеттік өтінім ұсынылған. Сондай-ақ Жылға мен Құрама елді мекенінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағдарлама аясында Қызылжар елді мекенінде жабық спорт алаңшасының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып салалық басқармаға ұсыныс жолданған.
- Денсаулық сақтау саласы бойынша да құрылыс қарқынды. Биыл Жаңатұрмыс, Жемісті және Тың елді мекендердегі дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулықты сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 3 елді мекенінде дәрігерлік емхана құрылысы жүруде. Сондай-ақ демеушілердің есебінен меморандум арқылы 10 елді мекенге дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік акушерлік пункт құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Сарыағаш қаласында 300 және 900 орындық білім нысаны, Дербісек пен Жаскешу елді мекенінде 900 орындық мектеп бой көтеруде. Биыл Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніндегі 200 орындық мектептің құрылысы аяқталып, білім ордасы оқушыларды қабылдады. Бұған қоса 3 жекеменшік мектеп ашылды. Сонымен қатар №35 Б.Ғафуров пен №22 Елшібек батыр атындағы мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 мектептің жылу жүйесін қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілді, - дейді аудан әкімі Арман Абдуллаев.