Сауран ауданында жаңа тігін цехы жұмысын бастады
Сауран ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы көңіл бөлінген. Соның бірі Қарашық ауылында жаңа ашылған тігін цехы. Бүгінгі күні бұл цех 20 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктерді арттырып, кедергілерді азайтуды тапсырған болатын. «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», - дейді Президент Жолдауында. Енді, міне, Президент билікке кәсіпкерлерге жасалатын кедергіні азайтып, қолдау шараларын көбейтуді тапсырғаннан бері ауданда шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылып келеді. Оны өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен тартылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымының кеңдігінен байқау қиын емес. Кәсіпкерлерге мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау да көп.
Сонымен Қарашық ауылында жаңа ашылған тігін цехының ашылу салтанатына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев арнайы қатысып, көпшілікке жылы лебіздерін білдірді. Жоба Сауран ауандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильназ Омарованың ұйымдастыруымен жүзеге асырылған.
Жаңа өндіріс орнының ашылуы ауыл экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе жастар мен әйелдер үшін жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Мақсат Асылбекұлы цехтың алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, өңірлік нарықта сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.
Ал облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы жаңа цехтың ашылуы облысымыздағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететінін атап өтіп, бұл секілді бастамаларды қолдауға дайын екендігін айтты. Ол сонымен қатар, өндіріс орындары ашылу арқылы қолөнер саласында да жаңа мүмкіндіктер туындайтынын жеткізді.
- Жаңа тігін цехы ауыл тұрғындар үшін тек жұмыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аймақтың дамуына оң әсер ететін жоба болмақ. Цех жұмысының алғашқы кезеңінде 20 адам тұрақты жұмысқа алынды, ал алдағы уақытта жұмыс орындарының санын көбейту жоспарлануда. Мұндай шағын цехтардың жұмысына қолдау білдіруге біз әрдайым дайынбыз, - дейді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.