Сауран ауданында ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім берік орнаған
Егемен еліміздің берік ұстанымы – ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе 13 жобаны әзірленген еді.
Бүгінгі күні ол жобалар өңірлерде жүзеге асыруда. Кеше Сауран ауданда «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» арнайы жобасы аясында мемлекеттік қызмет көрсететін органдар мен мекемелерде этносаралық қатынастар саласындағы сенім мәдениетін қалыптастыру мақсатында кездесу өткізілді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Қалеке, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арсылан Раматуллаев, өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев, және Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова қатысып, өзара пікір алмасты.
- Қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға бағытталған маңызы мол жоба киелі Сауран жерінде ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Осы жобаны іске асыруға атсалысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! Аталған жоба оң жемісін береді деп ойлаймын. Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар», - деген нақыл сөз бар. Ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Менің ойымша, ауданымызда тұратын әрбір этнос өкілдерінің ұлтына, тіліне, мәдениетіне, тарихына құрметпен қарау біздің басты міндетіміз. Бірлік, достық және өзара сыйластықтың арқасында елімізде бақ-береке орнаған. Татулық пен ынтымаққа бастаған ұлы жолда сапарымыз сәтті, жолымыз ақ болсын!», - дей келіп, аудан басшысы жиын мүшелерін еркін пікір алмасу алаңына шақырды.
Аудандық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков өзі төрағалық етіп отырған этномәдени орталықтың жұмыс жоспарларымен танысып, атқарылған жұмыстарға қатысты толық ақпарат беріп өтті. Өз кезегінде өзбек этномәдени орталығының атқарып жатқан мәдени шаралары мен қоғамдық жұмыстарын ерекше атап өткен аудан әкімі, орталықтың аудан тұрғындары арасында достықты, мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.
Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арсылан Раматуллаев пен Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразбек Әміреев өздерінің атқарған іс-шараларымен таныстырып, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы бастамаларын айтты. Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова болса, аналар кеңесінің қоғамдағы маңызды рөлі мен әйелдер құқықтарын қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аудан әкімі өз сөзінде ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңыздылығына тоқталды:
- Ел бірлігі – бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық – халқымыздың әл-ауқаты жақсаруының, ел экономикасы өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін-бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік», - деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.
Сондай-ақ, аудан әкімі барлық қоғамдық ұйымдардың өкілдерін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында және мәдени өмірінде белсенді қатысып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Кездесу соңында қатысушылар ауданның одан әрі дамуы мен қоғамдық келісімнің нығаюы үшін бірлескен күш-жігер мен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдіріп, аудан әкімдігіне өз ұсыныстарын жеткізді.