Сауран ауданының әкімі Шорнақ пен Бабайқорған ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық деңгейдегі атқарушы органдардың бірінші басшылары халықпен тұрақты кездесу тапсырылған.
Осы ретте, кешегі күні Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ және Бабайқорған ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, жыл қорытындысын талқылады. Шорнақ ауылдық округінде өткен кездесуде алдымен округ әкімі Бердалы Баймұратов есеп берді.
Ол өз есебінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымдық мәселелер мен тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ округте жыл бойы атқарылған жұмыстардың барысымен таныстыра келіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
- Президентіміз Жолдауында билік өкілдерне тапсырған тапсырманың бірі – жергілікті жердегі инфрақұрылым мәселесін шешуді жылдамдату. Бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәселен, Шорнақ ауылдық округінде өткен жылы ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірнеше маңызды шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, таза ауызсу жүйесін жақсарту және электр қуатын тұрақты жеткізу мәселелері шешілді. Сондай-ақ, ауылдық мәдениет үйі мен спорт алаңдарының құрылыс жұмыстары басталып, жастар мен тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызылды.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар шаралар атқарылды. Әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсету, жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында жұмыс орындарын ашу басты назарда болды. Әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламалары аясында тұрғындарға қаржылай көмек көрсету, медициналық қызметтерді жетілдіру, сондай-ақ, ауылда жаңа кәсіпорындар ашу бағытында жұмыстар жалғасын тапты, - дейді аудан әкімі.
Жалпы Шорнақ ауылдық округінде атқарылған жұмыс көңілге қонымды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров та өз сөзінде Шорнақ ауылдық округінің жетістіктеріне оң бағасын беріп, алдағы уақытта да ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Кездесу соңында аудан әкімі мен ауыл әкімінің баяндамаларына сұрақтар қойылып, ауыл тұрғындары өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі ол сауалдарға жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді. Кейбір мәселелерді өз бақылауына алатынын айтты.
Келесі кездесу Бабайқорған ауылдық округінде өтті. Бұл кездесу барысында аталған ауылдық округ әкімі Жасұлан Мыңтаев осы жылдың қорытынды есебін жасап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен инфрақұрылымдық даму барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, ауылдық округтің дамуында бірқатар өзгерістер орын алған. Биыл ауылда көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылған. Оның ішінде жолдарды жөндеу, су құбырларын тарту және электрмен қамтамасыз ету жұмыстары бар. Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында ауылдық медициналық пункт пен мектеп ғимараттары жөндеуден өткізілген.
Ауылдың басты мәселелерінің бірі — жұмыс орындарының тапшылығы мен жастардың ауылдан көшуі. Осы мәселені шешу үшін Жасұлан Мыңтаев аграрлық секторда жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде инфрақұрылымды жақсарту мен өмір сүру сапасын арттыру үшін мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру көздерін тарту мәселесі де талқыланды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауыл әкімінің жұмысына оң баға беріп, ауданның даму жоспарларын жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастық орнату қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауылдағы әрбір тұрғынның тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды белсенді түрде іске асыру маңызды екенін айтты.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары да өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Олар, әсіресе, ауылда жұмыс орындарын көбейту жөніндегі бастамаларды күшейтуді сұрады. Жиын соңында Мақсат Таңғатаров және Жасұлан Мыңтаев алдағы уақытта ауыл тұрғындарының ұсыныстарын ескеріп, жұмыс жүргізетінін және Бабайқорған ауылдық округінің дамуы үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.