Сауран ауданында қытайлық инвесторлар шабдалы өсіруді ниет етіп отыр

Oinet.kz 21-12-2024 32

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін айтты. Бүгінгі күні Сауран ауданы шетелдік инвесторларды тарта отырып, жеміс жидек өсіру мен құрылыс заттарын шығаруға басымдық беріп отыр.

Screenshot_62.jpg

Негізінен ауданға инвестиция салуға ниетті қытайлық кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары. 

 Кеше Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Қытайдан келген инвесторлармен кездесу өткізіп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобаларды талқылады. Кездесу барысында қытайлық кәсіпкерлер ауданның ауыл шаруашылығына қаржы салуға ниет танытып, жеміс ағаштарын аудан шаруаларымен бірлесе отырғызу жобасын жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шетелдік инвесторлар тарта отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қалыптастыруды тапсырған болатын. Президент тапсырған міндеттер ауданымызда жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып, байланыстырып отыр. Инвесторлар ең алдымен аймақтың экономикалық әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосатыны белгілі. Осының аясында ауданда арнаулы экономикалық индустриалды аймақта инвесторлар тарапынан көптеген жобалар іске асырылуда. Соның қатарында жеміс жидек өсірі мен құрлыз заттарын шығару бар. Қытайлық инвесторлар ауданымызда жеміс ағаштарын отырғызуға ниетті. Олар ауданның ауа райы мен жер жағдайын ескере отырып, алғашқы жылдары 10 гектар жерге шабдалы ағаштарын аудан шаруаларымен бірлесіп баптамақ. Инвесторлар өздерінің өндірістік тәжірибесіне сүйене отырып, әр гектардан 45 тонна шабдалы алу мүмкіндігін алға тартты. Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, алдағы бірнеше жылда өнім көлемін арттыру мақсатында аудандағы 750 гектар жерге жеміс ағаштарын егуге болатынын айтып отыр шетелдік әріптестер, - дейді аудан басшысы. 

Инвесторлар бұл жобаны тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, дайын өнім – шырын сусынын шығару арқылы өңдеу өнеркәсібіне де көңіл бөлуді көздеп отыр. Мұндай жобалар аудан тұрғындарының жұмыс күші үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып, жұмыс орындарының ашылуына ықпал етері анық. 

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кездесуде қытайлық инвесторларға жер рәсімдеу процесі мен оның заңдық талаптары туралы ақпарат берді. Ол инвесторлардың ұсыныстарын мұқият тыңдап, аудандағы жер жағдайы мен шаруашылық жүргізу мәселелері бойынша түсіндіріп өтті. Аудан әкімі жердің қолайлылығы мен заңды рәсімдерге қатысты барлық мәселелерді алдын ала қарау қажеттігін ескертті. Аудан әкімі, сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін меморандумға қол қоюды ұсынды. Бұл қадам екі тарап арасындағы серіктестіктің құқықтық негізін қалауға және жобаның тиімді жүзеге асуына мүмкіндік береді. Қытайлық инвесторлар да бұл ұсынысты қолдап, алдағы уақытта ресми келіссөздер жүргізілетінін айтты.

- Екі жақты келіссөздер барысында қытайлық кәсіпкерлердің нақты талаптары мен ұсыныстары қаралды. Атап айтқанда, инвесторлар алғашқы сынақ ретінде 10 гектар жерге шабдалы отырғызуды бастамақ. Егер алғашқы орналастырылған көшеттері бір жылда Сауран ауданының ауа райына дағдыланса, өнім көлемін арттырып, аудан көлемінде егіс алаңдарын кеңейту жоспарланып отыр. Олар бұл жобаны тек ауыл шаруашылығы ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне де қолдау көрсету ретінде қарастыруда.

Инвесторлар, сондай-ақ, Сауран ауданында жеміс ағаштарын егу үшін қолайлы жерлерді таңдап, оларды нақты зерттеу үшін арнайы іс-сапарға баруды жоспарлап отыр. Бұл қадам инвестициялық жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңі болмақ, - дейді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров. 

Сауран ауданының әкімі Шорнақ пен Бабайқорған ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті
Сауран әкімі кеше үш округте кездесу өткізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу