Сауран әкімі кеше үш округте кездесу өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында аудан әкімдерінің есеп беруі жалғасуда.
Кеше Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жібек жолы, Майдантал және Жүйнек ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдың дамуы мен алдағы жоспарлар туралы пікір алмасты. Кездесу барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымдық мәселелер және тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Алдымен кездесу Жібек жолы ауылдық округінде өтті. Әдеттегідей алдымен ауыл әкімі Мейрамбек Әшірбеков есеп беріп, жыл бойы атқарған жұмыс барысына тоқталды. Ол өз кезегінде ауылда жүзеге асырылған таза ауыз су құбыры және басқа да инфрақұрылымдық жобалардың нәтижелерін атап өтті.
- Президентіміз Жолдауында алдымызға қойған басты мәселе, елді мекендерді таза ауызсумен, көгілдір отынмен, жолмен қамту. Биыл, ауданның бас жоспарына сәйкес Жібек жолы ауылдық округінде бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Ауылдың жолдары жаңартылып, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды, – дейді округ әкімі.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді тыңдап, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін назарға алатынын жеткізді. Ол сондай-ақ, Жібек жолы ауылдық округінде алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, білім мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша жоспарлы жұмыстардың жалғасатынын айтты.
- Жібек жолы ауылдық округі – ауданының дамуына өзіндік үлес қосып отырған аумақтардың бірі. Біз ауылдардың жайлы әрі қолайлы өмір сүру ортасына айналуы үшін барлық қажетті шараларды атқаруды жалғастырамыз. Әрбір ауыл тұрғынының пікірі мен ұсынысы біз үшін өте маңызды. Сол арқылы біз ауылымыздың дамуын бірлесіп жүзеге асырамыз, – деді Мақсат Таңғатаров.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерінің мәселелері мен ұсыныстарын білдіріп, ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты мәселелерге назар аударуды сұрады. Әкімдер бұл мәселелерді шешу үшін келешекте жүзеге асырылатын жобалар мен бастамалар бойынша тұрғындарға толық ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Келесі кездесу жиыны Майдантал ауылдық округінде болды. Онда аудан әкімі ауылдың даму перспективаларын округ тұрғындарымен бірлесе талқылады. Майдантал ауылдық округінің әкімі Жандос Досболовтың айтуынша, биыл ауылда жолдардың жағдайы жақсартылып, бірқатар көше жолдарына асфальт жабыны төселген. Сонымен қатар, көше жарықтары орнатылған. «Майдантал ауылында биыл көше жолдары жөнделіп, жарық шамдары орнатылды. Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту үшін кәсіпкерлікке қолдау көрсету бағытында да жұмыстар жасалуда», деді оеруг әкімі.
Округ тұрғындары кездесуде ауылдың инфрақұрылымдық жағдайын, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту және білім беру саласындағы мәселелерді сөз етті. Әсіресе, мектеп пен денсаулық сақтау нысандарының ғимараттарын жаңарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров осы сұрақтарға қатысты нақты жоспарлар мен іс-шараларды таныстырып, келешекте ауылды дамыту үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
- Біз Майдантал ауылдық округінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Осы бағытта жергілікті тұрғындар мен әкімдік бірлесе отырып, барлық мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласына инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сияқты ауқымды жобалар іске асатын болады, – деп түйіндеді жиынды Мақсат Таңғатаров.
Келесі кездесу Жүйнек ауылдық округінде түйінделді. Тұрғындар үшін ұйымдастырылған бұл кездесу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды кезеңдерді және алдағы уақытта іске асырылатын жобаларды талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Жүйнек ауылдық округінің әкімі Төребай Абдікарімов 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен жобалар туралы толық қорытынды есеп берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері ауылда бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылған. Олардың қатарында жол жөндеу, су жүйелерінің жаңартылуы, жарықтандыру, білім беру мекемелерін жаңғырту және ауылдық медициналық нысандарды заманауи құралдармен жабдықтау секілді шаралар бар.
Айта кету керек, Жүйнек ауылдық округінің тұрғындары жиі көтерген мәселе – таза ауыз су мен жол мәселелері болды. Биылғы жылы осы екі маңызды бағыт бойынша жұмыстар атқарылды. Ауылдағы кейбір көшелерде асфальт жолдар төселіп, су жүйелері тартылды. Бұған қоса, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа білім ошақтары ашылды. Денсаулық сақтау мекемелері бой көтеріп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды.
Кездесу барысында ауылдық округтің болашақ жоспарлары да қаралды. Округ әкімі Төребай Абдікарімов алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар жаңа жобаларды таныстырды. Оның айтуынша, Жүйнек ауылдық округінде өндіріс аймақтары мен шағын кәсіпкерлікті дамыту жобалары қолға алынбақ. Бұл шаралар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға, экономикалық әлеуетті арттыруға бағытталатын болады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды енгізу және жерді тиімді пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасау жоспарлануда.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде Жүйнек ауылдық округінің әлеуеті мен даму мүмкіндіктерін атап өтіп, ауылдың одан әрі өркендеуі үшін әрбір тұрғынның белсенділігі мен қолдауы қажет екенін айтты. Ол жаңа жобалар мен бастамалар тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталатынын атап өтіп, жиынды қорытындылады.