Түркістан облысында газбен қамту көрсеткіші 84,9 пайызға жетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізде мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін атап өтті.
«Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн», - дейді Президент Жолдауында.
Бүгінгі күні Түркістан облысына қарасты елді мекендердің инфрақұрылым сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Жуырда Келес ауданындағы Біртілек ауылдық округіне қарасты Біртілек елді мекенінде «Абай» газ тарту станциясы іске қосылды. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да қатысып, Келес ауданының қуанышына ортақтасқан еді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елді мекендерді таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту мәселелерін 2025 жылы аяқтауды тапсырған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың бас жоспарына сәйкес атқарылуда. Жалпы ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Біз бюджеттің мүмкінгінше ауылдарды газбен қамтып жатырмыз. Екі жылда 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылуда. Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешіліп, «сақалды құрылыстар» ретке келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз, - деді Дархан Сатыбалды.
Келес ауданындағы қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс (қуаттылығын ұлғайту) жұмыстары жүргізілді.
«Келес ауданы ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен қолға алынған жобаның құрылыс жұмыстарын «Газ КZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жер көлемі 0,80 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаның жалпы сметалық құны – 699 494,5 мың теңгені құрайды. Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі осы, яғни халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі уақытта 22 елді мекен (42 480 адам) табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГРС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен (9 807 адам) қосылады. Жалпы аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады, - дейді Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Айта кетейік, облыс бойынша соңғы екі жылда 187 мың тұрғын немесе 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 миллион 820 мыңға немесе 84,9 пайызға жеткен. Яғни аймақта көгілдір отынның игілігін 557 елді мекен көруде.