Келес ауданында атқарылған жұмыс ауқымы кең

Oinet.kz 22-12-2024 41

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында тапсырған жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету.

Screenshot_65.jpg

Соның бірі – халықты таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, инфрақұрылыммен, жарықпен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар Келес ауданында жоспарлы жүзеге асырылуда. 

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, өңірде жыл басынан бері  10 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын инвестиция тартылған. Нәтижесінде 235 адамға жаңа жұмыс орындары ашылған. 

- Президентіміз Жолдауында негізгі бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Мемлекет басшысы айтқандай ауданымыздың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамытуға басымдық берілуде. Бұл тапсырма бірінші кезекте инвестиция тарту арқылы мүмкін болуда. Атап айтар болсақ, Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша көрсеткіштер жыл өткен сайын артып келеді. Атап айтқанда жалпы өңірлік өнім көлемі өткен 10 айдың қорытындысымен 86,5 миллиард теңгеге жетті.  Аталған саладағы жылдық жоспар 110,7 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі жыл басынан бері 61,7 миллиард теңгеге жетті. Ал, аудан экономикасының негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылы 21,2 миллиардтеңгені құраса, 2024 жылы 32 миллиард теңге жоспарланып, 10 ай қорытындысымен 24,3 миллиард теңгеге жетті, - дейді аудан басшысы.

Бұдан бөлек, аудан аумағында жалпы 26 мың гектар суғармалы егіс алқаптары орналасқан. Биыл Келес ауданы бойынша жалпы 22 871,5 гектар егіс орналастырылған. Жаңа технологияларды енгізу және ағын суды үнемдеу мақсатында 2024 жылдың 10 айында 1300 гектар жерге жаңбырлатып суғару әдісі енгізілген. 

-Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Басты мақсат ауданның экономикалық әл-қуатын арттыру. Бұл бағытта жоспар түзіліп, негізгі жұмыстар айқындалды. Атап айтсақ, 2025 жылы жалпы құны 62,75 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асырылып, 1740 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында Келес ауданында жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 2023 жылы 3 мектептің құрылыс жұмыстары басталған. Оның ішінде Ғ.Мұратбаев елді мекеніндегі 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқталып, пайдалануға тапсыру жоспарланған болатын. Ал облыстық бюджет есебінен екі мектеп құрылысы жүргізіліп, кеше ел игілігіне тапсырылды, - дейді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев. 

Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 мектепте 33 669 оқушы білім алуда. Ауданы бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 5 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп, жергілікті бюджет есебінен 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі кеше, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Көгерту елді мекенінде ашылды. 300 орындық мектеп облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынған. Нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қазан айында бастаған. Жалпы жер көлемі 1,96 гектарды құрайды. Жоба құны – 1,9 миллиард теңге. Бұл мектепте Көгерту ауылында және осы елді мекеніне жақын орналасқан ауылдарда тұратын оқушылар білім алуда. Жаңа пайдалуға тапсырылған білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы «Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе білім сапасын жақсарту, ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсетуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде білім саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп және облыстық бюджет және арнайы қордың қаржы көздерінен 21 мектеп салынуда. Бұл 50 мектеп пайдалануға берілгенде өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетін болады. Бұдан бөлек, алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп есептеймін. Біз оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдаймыз. Бүгінгі ашылған жаңа мектебіміз көршілес жатқан ауылдарда тасымал арқылы білім алып жүрген оқушыларымыздың мәселесін шешеді. Осы жаңа мектептің табалдырығын аттағалы отырған оқушыларымыз үздік оқып, ел үмітін ақтап, отаншыл азаматтар болатынына сенемін. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді жаңа білім ошағының ашылу салтанатына қатысқан Дархан Сатыбалды. Сөйтіп ол мектептің лентасын қиған болатын. 

Түркістан облысында газбен қамту көрсеткіші 84,9 пайызға жетті
Сауран ауданында кірпіш зауыты салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу