Сауран ауданында кірпіш зауыты салынады

Oinet.kz 22-12-2024 43

Сауран ауданы инвестиция тарту бойынша Түркістан облысында көш бастап тұрған аудандардың қатарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – маңызды міндет екенін атап айтқан болатын. 

Screenshot_66.jpg

Осы бағытта атқарылған жұмыстар Сауран ауданының артықшылығы болып табылады.  

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиевтың айтуынша, ауданға инвестиция салуға ниет танытқан инвесторлардың қатары артқан. инвестиция салуға ниет танытқандардың басым бөлігі қытайлықтар. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың міндеті» деп атап өткеніндей, ауданда өндіріс орнын ашып, халықты жұмыспен қамтимын деген инвесторлармен қашанда біз жұмыс істеуге дайынбыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында да бірлесе жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде 2030 жылға дейінгі бас жоспар бекітіліп, сол жоспар аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта кеше менің қатысуыммен Қытай Халық Республикасының кәсіпкерлерімен кездесу өткізіліп, аймақта жаңа кірпіш зауытын салу жөнінде келіссөздер жүргізілді. Кездесуде қытайлық «Шин Жиаң Жиңхуи» экологиялық материалдар компаниясы мен Сауран ауданы арасындағы ықтимал инвестициялық жоба талқыланды, - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Қытайлық инвесторлар жоба аясында Сауран ауданының аумағында зауыт салып, экологиялық таза кірпіш өндірісін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жобаның жүзеге асуы мақұлданды. Жоба құны 2,1 миллиард теңге деп бағаланып, іске қосылғаннан кейін зауытта 80 жаңа жұмыс орны ашу көзделген. Тәуліктік қуаты 400 мың кірпіш өндірілетін зауыт аудан экономикасына айтарлықтай үлес қосып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. 

Аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев жаңа зауыттың ауданның құрылыс индустриясын дамытуға және экологиялық материалдардың өндірісін арттыруға маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Бұл жоба біздің аудан үшін үлкен мүмкіндіктер туғызады. Бір жағынан, зауыт экологиялық таза өнімдер өндіреді, екінші жағынан, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін экономикалық пайда әкеледі», – деді ол.

Сондай-ақ, зауыттың құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырумен қатар, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларының дамуына серпін беретіндігі айтылды. Қытайлық кәсіпкерлер өз тараптарынан зауыттың құрылысын жақын уақытта бастауға дайын екенін мәлімдеді.

Жоба іске асқан жағдайда, Сауран ауданының инфрақұрылымы мен экономикасы жаңа деңгейге көтеріледі. Ербол Жанғазиев Сауран ауданы әкімдігі тарапынан жобаны қолдауға және іске асыруға барлық қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Қытайлық инвесторлармен жасалған келіссөздердің нәтижесі Сауран ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды қадам болды.

Келес ауданында атқарылған жұмыс ауқымы кең
Келес ауданында Тәуелсіздік мерекесінде екі нысан пайдалануға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу