Сауран ауданында бюджет қаржысының орындалу барысы қаралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мемлекет қаржысының тиімді жұмысалып, мақсатты игерілуіне баса мән бергені белгілі. Сонмен қатар қаржыны мемлекетке пайда әкелетін инвестициялық жобаларға салу жайын да назардан тыс қалдырмады.
Президент Жолдаудың екінші бағытында «инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды» екенін ерекше атап өтті. Осы тапсырманы орындау аясында, Сауран ауданы әкімі аппаратының апталық мәжілісі ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын талқылау және бюджет игеруді тиімді басқару мәселелеріне арналды. Мәжіліске аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық жасап, үш маңызды мәселені қарады.
Бірінші мәселе бойынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму рейтингі мен жыл қорытындысы бойынша индикатор көрсеткіштерінің орындалуы туралы Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндады. Ол ауданның экономикалық дамуы мен бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты атқарылған жұмыстарды саралады. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы өзінің баяндамасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жоспарлар мен нәтижелерді атап өтті.
- Президентіміз Жолдауында: «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс», - дейді Президент Жолдауында. Президент тапсырғандай бюджеттік қаржылардың жұмсалуын бақылау – атқарушы органдардың маңызды міндеті. Осы бағытта жұмысын үйлестіріп, қызметін жүргізіп отырған Сауран аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындауымен ерекшеленуде, - дейді бөлім басшысы.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – аудан бюджетінің игерілуі туралы болды. Бұл мәселе бойынша Аудандық кірістер басқармасының басшысы Байдулла Жүнісбекұлы мен Ильяс Мырзахметов бірлесе баяндама жасады. Баяндамашылар бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуы мен қаржы көздерінің тиімді игерілуі, сондай-ақ ауданның қаржылық жағдайын тұрақтандыру бағытындағы шаралар туралы сөз қозғады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ел экономикасының өсімін, бюджет қаражатының тиімді игерілуін, шағын және орта бизнеске, инвестиция тартуға бөлінгер қаржының мақсатты жұмысалғанын бақылау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы «Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет» екенін ескертті. Бүгінгі таңда ауданда кейбір салалар бойынша өсім байқалады», - дейді Ильяс Мырзахметов.
Апталық мәжіліс ауданның дамуына ықпал ететін маңызды мәселелерді талқылап, алдағы уақыттағы жұмыстарды жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар мен міндеттер белгіленді.