Арыс қаласының әкімі үш елдімекен тұрғындарымен кездесіп, ондағы жағдаймен танысты
Бүгінгі таңда Арыс қаласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Оны ел көріп отыр. Кеше Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Ақдала және Дермене ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, жыл бойы атқарған қала әкімінің жұмысы туралы есеп берген болатын.
Қала әкімінің айтуынша, бұл қызметке жаңа тағайындалғадықтан кездесудің басты мақсаты – ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып, шешімін қажет ететін мәселелерді бірлесе талқылау. Сонымен қатар ауыл тұрғындары көкейінде жүрген мәселені қаланың алдағы даму жоспарына енгізу. Ол жиынға қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов пен тиісті округ әкімдері және тұрғындар қатысты.
Қала әкімі ең алдымен Ақдала ауылында болды. Мұнда инфрақұрылымы жыл сайын дамып, әлеуметтік нысандармен толығып келе жатқан ауылдың аумағы кеңейіп, жаңа көшелер пайда болуда. Осыған байланысты, ауыл тұрғындары әкіммен болған кездесуде мектепке дейінгі қашықтықтың ұзарғанын айтып, оқушыларды тасымалдау үшін автобус ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, суармалы және жайылым жерлердің мәселесі, ауылдың тазалық жағдайы да назардан тыс қалмады. Әкім әр мәселені мұқият тыңдап, заң аясында және мүмкіндіктерге қарай шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Сондай-ақ қала әкімі Дермене ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлері тыңдап, елді мекенді дамыту бойынша сөз қозғады. Жаңа әкіммен кездескен ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген мәселелерін ортаға салып, олардың шешілуіне әкімнің ықпал етуін сұрады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары спорт зал және мәдениет үйі құрылысын салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Бұдан бөлек, ағын су және жайылым жер жайы да сөз қозғалды. Қала әкімі спорт және мәдениет өңірдің мәйегі екенін алға тартып, бұлар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін, жоспарға енгенін айтты.
Жалпы, қала әкімінің Ақдала және Дермене ауылдарына сапары екіжақты пікір алмасумен өтті. Тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін назарға ала отырып, әкім бұл бастамалардың жоспарлы түрде қарастырылатынын және ауылдардың ажарын ашуға барынша күш салынатынын жеткізген болатын.
Бұдан бөлек, қала әкімі Қайсар Маңқараев кезекті жұмыс сапарымен Монтайтас ауылдық округіне де барды. Ауылдастармен амандасып, тұрғындармен бірге ауылды дамытуға қатысты өтініш-ұсыныстарын тыңдады.
Мұндағы кездесу еркін форматта өтіп, ауыл тұрғындары жаңа әкімді жылы қабылдап, жұмысына сәттілік тіледі. Олар өздерін мазалаған сұрақтарды ашық түрде қойып, көкейдегі мәселелерді ортаға салды.
Атап айтқанда, тұрғындар көшелерді жарықтандыру, оқушылар үшін жаяу жүргінші жолын салу, таза ауызсу сапасын жақсарту және ауылды дамытуға қатысты басқа да маңызды мәселелерді көтерді. Әкім барлық өтініштерді мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің шешу жолдарын қарастыру бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.
Ауыл тұрғындары әкімнің ауылдың тыныс-тіршілігіне ерекше назар аударып, нақты шешімдер қабылдайтынына сенім білдірді.
Кездесуден кейін Қайсар Маңқараев Монтайтас ауылдық округіне қарасты Атамекен елді мекенінде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр және жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылғаннан кейін 1500-ден астам тұрғынға медициналық қызмет қолжетімді болады. Бұл жергілікті жұрт үшін үлкен жеңілдік, себебі енді медициналық көмек алу үшін қала орталығына барудың қажеті болмайды.
«Бұл нысан тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Біз осындай әлеуметтік нысандарды уақытында аяқтап, халық игілігіне беруді басты міндетіміз деп білеміз,» – деген әкім, сала жетекшілеріне нысанды сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.