Келес ауданында 500 гектар аумақты қамтитын жылыжай салынуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында елдегі агроөнеркәсіп саласын дамыта отырып, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсеті керектігін айтты.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіппен айналысамын деген азаматтарға жасалып жатқан мүмкіндік мол. Жылыжай ашып, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен айналысамын деген кәсіпкерге жол ашық. Әсіресе Келес ауданының шаруалары жылыжай кешені бойынша жүйелі жұмыстарды қолға алуда.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, еліміздегі ең ірі жылыжай кешені Келес ауданында салынуда. Бұл жылыжай қазақстандық инвесторлардың, Қазақстанның Даму Банкінің (ҚДБ) қатысуымен және ресейлік «ЭКО-культура» холдингінің зияткерлік және технологиялық қолдауымен құрылған. Жедел басқаруды орталықтандырылған қазақстандық басқарушы компания жүзеге асыратын болады.
- Мемлекет басшысы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінгі күні келестік кәсіпкерлер жылыжай желісін дамыта түспек ниетте. Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан «ECOCULTURE-EURASIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, компанияның өкілдерімен кездескен болатын. Кездесу барысында өңір басшысы бұл жобаның аса маңызды екенін айтып, аймақта агроөнеркәсіп кластері дамитынын жеткізді. Жобаны жан-жақты қолдауға дайын екендігін атап өтті. Сонымен қоса, өңір басшысы жылыжайдың құрылыс жұмыстарының барысынмен де жан-жақты танысқан болатын. Жалпы осы жобаны іске қосу арқылы өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын көтеру міндеті жүктелген. Бұл әріптестік жоба агросаланы дамытуға серпін беріп қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтымақ, - дейді өңір басшысы.
500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасы «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге асады. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңінің құрылысы 2023 жылы басталды. Оны 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ал екінші кезеңінің құрылысы 2025 жылдың ІІІ тоқсанында тапсырылмақ.
Аудан әкімінің айтуынша, жылыжай кешенінің жалпы ауданы 51,88 гектарды құрайды. Салынып жатқан нвестициялардың жалпы көлемі 42 миллиард теңгеден аспақ. Жоспарланған өндіріс көлеміне келсек, жоба толық жүзеге асқанда жылына 27 мың тонна көкөніс өсіреді. Мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
- Бұл жылыжай кешенінің бірқатар артықшылықтары бар. Мәселен, мұнда бір уақытта әртүрлі қызанақтың және басқа да дақылдардың 12 буданы мен сұрыбын өсіруге болады. Жылдың кез келген уақытында жаңа, дәмді және пайдалы көкөністер береді. Нарықтағы сұранысқа сай өнім түрін және көлемін өзгерту мүмкіндігі бар. Заманауи жылыжай кешендері жылыту жүйесі мен салқындатуды реттейтін, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 пайызға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды, - дейді Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев.