Арыс қаласының әкімі шаһар тұрғындарымен кездесіп, бірқатар нысан жұмысымен танысты
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың халықпен кездесуі, шаһардағы маңызды нысандардың жұмыс барысымен танысуы жалғасын табуда. Кешегі күні ол арыстық теміржолшылармен кездесті.
Арыс станциясының ғимаратында өткен шараға әкім орынбасарлары мен бөлім жетекшілері және сала мамандары және теміржолда тер төгіп жүрген қала тұрғындары қатысты.
- Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өткеніндей, қала тұрғындарының жағдайымен жақынырақ танысу біздің басты мақсатымыз, - деп атап өтті кездесуде Қайсар Маңқараев.
Теміржолшылармен болған жиын барысында Арыс қаласының тыныс-тіршілігі мен өсіп-өркендеуі, даму жолындағы жоспар-жобалар айтылып, оған теміржолшылардың белсенді қатысу қажеттігі ескертілді.
«Арыс – теміржолшылар қаласы екені баршамызға белгілі. Бұл егіз ұғым. Сондықтан да, біз сіздермен бірге дамуымыз үшін ой бөлісіп, ашық пікір алмасу мақсатында жиналып отырмыз», – деді Қайсар Зәкірұлы.
Жиында теміржолшылар қала әкіміне өздерін толғандырған өзекті мәселелерді айтып, бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Тұрғындарды толғандырған негізгі сұрақтар табиғи газға қосылу төңірегінде болды. Бұдан бөлек, қаңғыбас иттер, көше жарықшамдары, бағдаршамдарды қалпына келтіру, тұрмыстық қалдықтар жайында мәселелер көтерілді.
Қала әкім барлық сұрақтарды мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер заң аясында шешілетінін және тиісті жұмыстардың жүргізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, әр мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, атқарылған жұмыстардың орындалу мерзімін бақылауда ұстайтынын айтты.
Сондай-ақ қала әкімі Қайсар Маңқараев Арыс қаласындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, шаһар тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді. Әкімнің бұл сапары экологияны қорғау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және өндірістік әлеуетті арттыруды көздейтін жұмыстарды жандандыруға арналды. Танысу жұмыстары қалаға кіреберіс аркадан басталды. Қала басшысы Арыс-Шымкент тас жолы бойында отырғызылған жасыл желектерді қарап, олардың күтіп-бапталу сапасына назар аударды. Ағаштарды отырғызу, тамшылатып суару жүйесін орнату және шарбақпен қоршау жұмыстарын «Жасыл Арыс» коммуналдық мекемесі атқаруда. Әкім мекеме қызметкерлерімен пікірлесіп, олардың жұмысына оң бағасын берді.
Сонымен қатар, қала басшысы кәріз тазалау имараты мен оған іргелес орналасқан Тұқымбаққа барды. Мұнда өсірілетін көшеттердің Арысты көгалдандырудағы маңызы зор. 2022 жылы ашылған тұқымбақта өскен көшеттер биыл алғаш рет қала көшелеріне отырғызылуда. Әкім мекеме ұжымының еңбегін жоғары бағалап, жасыл аймақ көлемін ұлғайтуға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Әкімнің сапары барысында облыстық маңызы бар Арыс-Шардара айналма жолының Наурыз тұрғын ауданы тұсын көгалдандыру жобасымен танысып, жауаптылармен жүзеге асыру жайын талқылады. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Осыдан кейін Арыстағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Mega-Agat» компаниясына арнайы барған Қайсар Маңқараев серіктестік басшысымен өндіріс көлемін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жоспарларды талқылады. Әкім инвесторларға қажетті қолдау көрсетілетінін, бұл қадамдардың өңір экономикасын дамытуға оң ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Сапар барысында әкім құрылысы жүріп жатқан және құрылысы жоспарланған әлеуметтік нысандарды тексеріп, сала басшыларымен жобалардың жәй-жапсарын жан-жақты талқылады. Әрбір нысан бойынша сапаны арттыру мен жұмысты уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.