Келес ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасына баса көңіл бөлу тапсырылды

Oinet.kz 23-12-2024 22

Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында елдің шағын және орта бизнеспен айналысуына, ірі өнеркәсіп және өндіріс ошақтарына инвестиция салуына, инвесторлардың ел игілігі үшін демеушілік жасауына барлық жағдай жасалғанын айтты. 

Screenshot_72.jpg

Бұл бағытта Келес ауданында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. 

Соның бірі Абай ауылында орналасқан жиһаз цехы. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, 2006 жылы өз жұмысын бастаған цех үйде қолданатын және асханаға арналған жиһаздар өндірісін жолға қойған. Бүгінгі күні өнімін облыс көлемінде өткеруде. Сұранысқа байланысты айына 200 жиһаз жасап шығарады. Жоба құны – 250 миллион теңгені құрайды. Цех аумағы 0,15 гектар. Қазіргі уақытта цехта 20 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жұмысшылар жалақысы – 250-400 мың теңге аралығында.

Келес ауданына іссапарман барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы цехта болып, оның жұмысына жоғары баға берген болатын.  

– Жалпы Президент Жолдауда жұмыс істеймін деген адамға бар мүмкіндіктің жасалғанын көрсетіп отыр. Сондай-ақ алдымызда атқарылатын міндеттер мен бағыттарды айқында берді. Бүгінгі күні Президентіміздің тапсырмалары облыста өңірдің даму бас жоспарына сәйкес атқарылуда.

Ал облыста жиһаз кластерін дамыту жұмысы қолға алынды. Біздің өңірдің кәсіпорындары елімізді ғана емес, шетелдерге де жиһаз экспорттауға қабілетті болуы тиіс. Оған мүмкіндік бар, – деді Дархан Сатыбалды.

Осыдан кейін кәсіпкермен жүздесіп, ұсыныстарын тыңдаған облыс әкімі осы бағыттағы шағын кәсіпорындарды көбейту керектігін айтты. Жауапты басшылар мен аудан әкіміне осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ Түркістан облысында ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықты әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары да жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарында бірнеше әлеуметтік нысанның құрылыс барысымен де жеке таысқан болатын. мәселен, Келес аудандық «Абай»  ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты сын айтып, шұғыл түрде ретке келтіруге уақыт берді. Ішкі әрлеу жұмыстарын өзгертіп, жұмысқа жанашырлықпен қарауды ескертті. Сапаның сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты компанияларға шара қолданатындығы айтылды.

– Осы құрылыс басталмай тұрып, проблемасы бітпеп еді, әлі солай. Бір мердігер кетіп тынды, екіншісінің тірлігі мынау. Көтере алмайтын шоқпарды белдеріңізге байлап нелеріңіз бар? Атүсті жүріп, жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Ең арзан құрылыс материалдарын пайдалануды қою керек. Бұл –аурухана! Мұндай қаражатқа жаңасын салуға болады. Біреу кедергі келтірсе, маған айтыңыз! Бірақ, уақытында және сапалы тапсырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Аталған аурухана – 200 төсек-орындық. Мұнда 63 дәрігер, 260 орта буын қызметкері бар. Ғимарат көлемі – 7879,5 шаршы метр.  Тапсырыс беруші – «Абай» Келес аудандық ауруханасы ШЖҚ МКК.  Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. 

Сонымен қатар аймақ басшысы Абай ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектеп ғимаратында да болды. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna» акционерлік қоғамы. Құрылыс жұмысын 2025 жыл аяқтап тапсыру көзделген. Жалпы бұл нысанның жобалық құны – 4,8 миллиард теңгені құрайды. 

Облыс әкімі мектеп құрылысына қатысты ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Созбалаңға салмай, сапалы атқаруды тапсырды. Одан кейін Дархан Сатыбалды Келес ауданы, Абай ауылындағы спорт кешенінің құрылысын тексерді. Аталған нысанның жер аумағы–1,5 гектар. Құрылыс 2023 жылдың маусым айында басталған. Мұнда спортты дамытуға қолайлы жағдай жасалмақ. 

Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты жүйелі әрі жауапкершілікпен атқаруды жүктеді. Құрылысты кешіктіргендерге заң шеңберінде шара көрілетінін ескертті. 

Арыс қаласының әкімі шаһар тұрғындарымен кездесіп, бірқатар нысан жұмысымен танысты
Арыс қаласында 2025 жылы жаңа бордақы алаңын іске қосу жоспарлануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу