Арыс қаласында 2025 жылы жаңа бордақы алаңын іске қосу жоспарлануда
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен сабатасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.
Президентіміз: «Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды» деп агросалаға басымдық бергені де белгілі.
Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сәйкес Арыс қаласына қарасты
Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынуда. Қала басшысы Қайсар Маңқараевтың айтуынша, 50 мың басты бордақылауға арналған жоба инвесторлар есебінен жүргізілуде және Түркістан облысындағы ең ірі кешендердің біріне айналуы көзделіп отыр.
- Арыс қаласында Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Мәселен, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында екі ірі кешен іске қосу жоспарлануда. Атап айтсақ, оның бірі жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсіру, екіншісі ет бағытындағы мүйізді іріқара бордақылаумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылады. Құрылыс, бордақылау және жаю схемасы австралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісімен жасалады. Жоба аясында 60-тан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Мұнда жұмысшылар үшін заманауи үлгідегі қызметтік үй, жайлы төсек орындары мен арнайы асханасы, санитарлық бөлмелер бар, - дейді қала әкімі.
Бүгінгі күні серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде биыл бордақылау алаңына 5 мың бас, 2025-2026 жылдары тағы 20 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алу көзделген.
Сондай-ақ, серіктестік бордақылау алаңы маңынан 4 710 гектар алқапта суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жемшөп дақылдарын өсіруді жөнге қоюда. Ол үшін, әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда. Бұл өз кезегінде мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында барлық жұмыс аутоматты жүйеде жүзеге асырылатын болады. Бұл жобаның жалпы құны 16,2 миллиард теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Арыс қаласында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба мал шаруашылығының дамуында жаңа белестерге жол ашып, өңірдегі ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына негіз болмақ.