Арыс қаласында шегірткемен күрес бойынша дайындық жұмыстары пысықталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында белгіленген мақсат-міндеттерді іске асыруда ветеринария саласына да зор жауапкершілік жүктеледі.
Ол – биологиялық қауіпсіздікті сақтау, соның ішінде жануарлар мен адамдарға ортақ аса қауіпті жұқпалы ауруларды анықтау, алдын алу және емдеу, адамдар тұтынатын мал өнімдері мен шикізаттардың тіршілікке қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осынау мемлекеттік маңызды міндеттер тізбегінде ветеринарлардың атқарар міндеті бүгінде зор.
Бүгін күні облыста зиянкестердің көбеюінен көктем, жаз және күз айларында егін алқаптарына көп зияны тиюде. Осы зиянкестермен күрестің алдын алу бойынша кеше Арыс қаласында келелі басқосу болды. Арыс қаласына облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапарымен келіп, қала әкімі Қайсар Маңқараевпен бірге Тойтөбе және Қарақұм алқаптарын аралады. Шегіртке күбіршелерінің анықталған аумақтарын зерделеп, мамандармен пікірлесті.
Іссапар аясында Қожатоғай ауылында алқалы мәжіліс өткізіп, аудан, қала әкімдіктерінің жауапты мамандарымен және тиісті сала жетекшілерімен бірге аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру мәселелерін қарады. Биыл аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес барысында жіберілген кемшіліктер келесі жылы қайталанбауы үшін облыс әкімінің белгілеген тапсырмалары бойынша міндеттер нақтыланып, жауаптылар бекітілді.
Күн тәртібіне сәйкес, Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Нұрбол Бекмұратов, Түркістан облысы бойынша болжам орталығының директоры Нұрлыбек Біләлбеков жоспарланған шаралар бойынша баяндады. Облыстық мәслихат депутаты Қалмұратов Төрегелді осы жылы зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу барысында техника тапшылығы сезілгенін айтты. Сонымен қатар ошақтарды анықтау, болжам жасау үшін мамандар жүктемесін қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Нұрбол Тұрашбеков Марокко шегірткесі дернәсілдеріне зерттеу жүргізілетін барлық аудан, қала әкімдіктеріне жекеменшік жер иелері тарапынан күнделікті өз аумақтарында зерттеу жұмыстарының жүргізілуін, нәтижесін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және Аумақтық инспекцияға жолдануын қамтамасыз етуді тапсырды. Марокко шегірткесіне қарсы анықтау-зерттеу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастыру мақсатында мамандар тобын толықтыру керек екенін ескертті.
– Химиялық өңдеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Мердігер анықталып, қаңтар айының соңына дейін дайындық жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Зиянкестен құтылудың жолы – бірлесіп, келісе отырып күресу. «Менен кетті, сізге жетті» деген ойдан аулақ болыңыздар. Әсіресе, аудандар, шекаралас алқаптарда қажет болған жағдайда көмекке жұмылуға дайын болыңыздар. Біздің негізгі міндетіміз – аудан көлемінде ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Атап айтқанда, егіс алқаптарын зиянкестерден қорғау, жануарлар ауруларының алдын алу, оларды емдеу, ауыл шаруашылығы жануарларының есепке алынуын қамтамасыз ету, жануарлардан алынатын өнімдердің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты адам мен жануарға ортақ аурулардан қорғау, – деді облыс әкімінің орынбасары.