Қыспаққа түскен тағдыр

Screenshot_2.jpg  

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 24 қарашадағы "Саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтау туралы" Қаулысымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы Ережені бекітті. Ережеге сәйкес саяси қуғын - сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жұмысшы  тобы құрылды. 

Жұмысшы тобы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының Түркістан облысы филиалының төрағасы Аманқұл Күмісбекпен жұмыс істеуде. Оған сол сұрапыл кезеңде, яғни 1972-1991 жылдар аралығында 5-6 рет әртүрлі психикалық диагноздар қойылған, заңсыз психологиялық-неврологиялық диспансердің (ары қарай-ПНД) есебіне сырттай алған. Ең қызығы, мұны оның өзінен, отбасы мүшелерінен, туыстарынан 1987 жылға дейін, яғни 15 жылдай жасырын жүргізіп келгендігі анықталып отыр. 

А.Күмісбек 1969-1973 жылдары Ленгір аудандық еңбекшілер депутаттарының кеңесінің атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы қызметін атқара жүріп, коммунистік партияның қатарына қабылданады. Солай жас коммунист болып жүрсе де кеңестік коммунистік партияның басшылық ету саясатын сынап, Кеңес депутатығына, оның әрбір округке жалғыз кандидат ұсыну сайлау жүйесіне, ішкі-сыртқы саясаттарына, «ұлы орыс шовинизміне» қарсы пікір білдіріп, жоғары партия ұйымдарына өз келіспеушілігін айтып, жазып та жүрді. Ол мемлекетте қоспартиялық және Кеңес депутатығына көп кандидаттық сайлау жүйесін ұсынған батыл белсенді болатын. Жоғары партия басшылығының атына жазған бір мына хаттың мәтінінің өзі кісі шошытарлық. Ол 1986 жылы 13 мамырда Бас хатшы М.Горбачевке жазған хатында: «Современные квалифицированные  бюрократы разбушевались. Подделали материалы персонального дела. Кое-какие из личного дела сожгли. Прощу вмещательства. Разыгранная драма может превратиться в трагедию...» деп  жазыпты. Не деген тапқыр, батыл ой.

Компартиялық-кеңестік биліктің жандайшаптары Аманқұл ағаның жоғары оқу орындарында оқыған төрт қызына, жас ретімен айтсақ, Гулиана, Динара, Гүлмира, Айсанаға да бақылау жасап отырған. Мектепте алтын медаль алуға лайықты үш қызын қалайда шеттетіп, тек кенже қызы Айсанаға ғана беруге мәжбүр болған.     

«Қыздарыңа дұрыс тәрбие бермегенсің, барлық  перзенттеріңді сахаровшылар етіп тәрбиелеудесің, Р.Рейганның саясатын қолдайсың, қоспартиялық мемлекеттік жүйе құруды, оны реформалауды ұсынасың деген «айыптар» тағып,  ескерткен кездері де болды. Конституциялық құқықтарымды, ар-намысымды қорлауларына қарсы отбасымызбен бірігіп күрестік» дейді бүгінде жасы сексенге таяған Аманқұл аға. Ағаның сөздеріне сенбеуге лажым жоқ, өйткені екінші қызы Динарамен өңіріміздегі педагогтардың «қара шаңырағы» атанған ОҚМПУ-да тарих мамандығында бірге оқыдық. Динара студенттік шағында-ақ қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қала, облыс көлемінде өткен саяси шараларға қатысып, тәуелсіздікті алу, қазақ тілінің қамқоршысы ретінде сөз сөйлеп жүретін. Институтты өте жақсы оқып бітірді.  Бүгінгі М.Әуезов атындағы ОҚУ ға оқытушы болып орналасып, онда көп жыл жұмыс істеді. Кейіннен Алматыдағы «Алаш» ғылыми - зерттеу орталығына зерттеуші болып ауысып, сонда айтулы ғалымдардан тәлім алды. Белгілі ғалым-тарихшы Т.Омарбековтың жетекшілігімен ғылым кандидаттығын 2007 жылы сәтті қорғап шықты. Сонан соң өзі оқыған ОҚМПУ-ға келіп, кафедра меңгерушісіне дейін көтеріліп жұмыс істеді. Динарамен осы білім беру ұясында бірге жұмыс істеудің сәті түсті. Ол әкесі Аманқұлдың өмірі мен күресі туралы кейде әңгімелейтін. Оның күресін, қайтпас жігерін, төзімділігін, қамқорлығын әсерлеп айтып отыратын. Өткен шақпен айтып отырғаным, 2013 жылы күзде орын алған жол көлік апатынан соң Динарадан қапылыста айырылып қалдық. Аманқұл аға: «мойымадым,  бәріне шыдадым, төздім, құқықтық тұрғыдан  қатайдым және түбінде қарсыластарымды жеңіп, әділеттіліктің орнығатынына сендім, бірақ бәрінен де ауыры қызым Динарадан ойламаған жерде айырылып қалғаным маған және анасына, бауырларына қатты батты» дейді. 

А.Күмісбектің тоталитарлық режимге қарсы күрес жолын қысқаша атап көрсетейік. Ол КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатының кей көріністеріне келіспеушілігі және қарсылық актісі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 13-бабы мен «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық Пактының 12-бабының 2-тармағында көрсетілген құқығын пайдаланып, тұрақты қоныстануға Бразилияға көшіп кетуге рұқсат сұрап, 1969 және 1972 жылдары екі рет арыз жазады.  Шет елге кету туралы арызын қарамау және жауап бермеу үшін оған тоталитарлық билік өз медицинасының психиатриялық динамикалық аңду қызметін қарсы қолданады. А.Күмісбек қоғамға қауіпті адам ретінде қатаң бақылауға алынады. Коммунистік партия қатарынан шығарылады. Онымен қоймай «Фосфор» өндірістік бірлестігінде және «Шымкентшина» кәсіпорнында істеп жүрген кезінде оны жұмыстан шығаруға дейінгі шара қолданады. Ол түсініксіз себеппен жұмыссыз, шарасыз, табыссыз қалады. Сол үшін   Қазақ КСР-і мен КСРО деңгейіндегі басшылық органдарына арыз-шағымдар жазады. Бірақ олардың көпшілігі қараусыз қалады. «ПНД да есепте тұрады» деген анықтамасы болғандықтан қаралмайды. 1985-1991 жылдары аралығында жазылған шағымдары мен өтініштеріне Қазақ КСР-нің компартиясы мен Үкіметі немқұрайдылықпен қарап, мәселені арыз иесінің пайдасына шешкілері келмеген немесе мойындарына алудан Мәскеудің қаһарынан қорыққан. Соны жақсы білген Аманқұл ағаға Мәскеу және Ленинград қалаларының қоғам қайраткерлерімен, тәуелсіз және ведомостволық психиатрларымен, психологтарымен, КСРО Жоғары Кеңесі депутаттарымен, прокурорлармен кездесіп, пікірлесіп, ұйымдық-техникалық және құқықтық көмектеріне жүгінуіне тура келеді. Мәскеудің «Психиатрия жөніндегі халықаралық тәуелсіз зерттеу орталығының» және Ленинградтағы «Әлеуметтік психиатрия  және реабилитациялау»  Орталығының амбулаторлық жағдайдағы комиссия тексеруінен өтіп, олардың сот-психиатриялық сараптамасының оң қорытындысына сарылып жүріп қол жеткізеді.

Содан соң «кінәлі», «ауру» деп кеңестік кезеңде сараптама жасаған Шымкент қаласының жүйке аурулар ауруханасының  лауазымды қызметкерлеріне ар-намысын  қорғау талап-арызын қояды. Талап арызын Шымкент қаласының  Дзержинский ауданының халық соты  1991 жылы 19 тамыздағы шешімімен  толығымен қанағаттандырады. Өзі жауапты хатшы болып істейтін «Адам құқығын қорғау жөніндегі «Алматы-Париж-Хелсинки» облыстық демократиялық комитетінің Қазақстан Жоғарғы Сотына жазған шағымдарына байланысты қудалау істері бұзылады. Оны қайтадан қараған әл-Фараби  аудандық соты  1993 жылы 23 қыркүйектегі шешімінде,  жауапкерлердің оған 1972 және 1986 жылдан бастап, алғашында коллегиалды тексерусіз, жасырын және сырттай қойған, кейінгі комиссиялардың басқа түрлеріне ауыстырған психикалық диагноздары негізсіз, ПНД есебіне алынуы заңсыз және әлеуметтік-қоғамдық қауіпті адам ретінде белсенді динамикалық бақылау жүргізілуінің орынсыздығы, құқықтарының дәлелсіз шектелгені әрі бұзылғаны туралы шешім шығарады. Сот А.Күмісбектен кінәлі дәрігер-психиатрларды кешірім сұрауға міндеттейді. Осыдан кейін, бұрын  қараусыз қалдырылған, негіз жоқ яки өз дәлелін таппады деген А.Күмісбектің сұрақтарын қайтадан сот қарай бастайды. «Компартия қатарынан шығарылғаны қателік болған» деп есептеліп, мүшелігі қалпына келтіріледі. «Шымкентшина» Өндірістік Бірлестігінен лажсыздан жұмыссыз жүрген уақытына жалақылары сот шешімімен өндіріледі. Басқа да уәждері дәлелденіп, оң шешімдер қабылдана бастайды.  

Соттың жоғарыдағы шешімдеріне байланысты жауапкерлер А.Күмісбектен жазбаша түрде кешірім сұрайды. Жұмсалған қаржылық шығындарын төлейді, тапталған ар-ұжданының зиянын өтейді. Одан бөлек, А.Күмісбекке арналған амбулаторлық карточкалар әл-Фараби аудандық сотының 2001 жылғы 2- қарашадағы шешіміне сай, өртеу жолымен жойылады.

Айта кеткен жөн, 1988 жылдың күзінде ішкі істер органының өкілдері А.Күмісбекті күштеп әкетіп, психиатриялық ауруханаға жатқызуға немесе абақтығы жабуға да әрекетініп көрген екен. Бүгінде аты-жөндері белгілі олардың күндіз пәтеріне, түнде жұмыс орнына жиі келіп тұрған. Көршілеріне «Күмісбеков қоғамға қауіпті адам. 1988 жылғы 7 қарашадағы мерекеде саботаж ұйымдастыруы мүмкін» деп оның үстінен «бұзақы» деген арыз жазып беруді ұсынған. Бірақ олардың бұл әрекетінен түк шықпаған. Керісінше Аманқұл ағаны жақсы білетін көршілері оны қорғап қалған, тіпті олардың үстінен шағым жазуға баратындығын айтқан. 

А.Күмісбек өзінің қудалануының «саяси астары болған» деген уәжіне Шымкент қаласының прокурорлары Н.Тоқтаров пен М.Қожабаев: «...Сіздің сот актісіне сәйкес психиатриялық мекеменің есебіне саяси негіздер бойынша қойғандығы туралы нақты мәлімет жоқ» деп жауап хаттарын береді. Мұнда мәселе мынада деп ойлаймын, психикалық мінез-құлықтың бұзылуы (ауруы) туралы диагнозды халықаралық жіктеушінің өлшемшарттарына сәйкес психиатр-дәрігер анықтайды делінген (167 бап). Ал, А.Күмісбекке сол кезеңде психиатр-дәрігерден тексеруден өту актісі тағайындалмаған. Сырттай ПНД ға тіркеуге алып, соңынан жасырын аңду қызметі, динамикалық тексеру жүргізілген. Бұл саяси –психиатриялық құдалау емей не?  

Жасы сексенге таяған 8 перзентің әкесі және 30 ға жуық немере-шөбере-нің атасы атанып отырған Аманқұл ағаның тоталитарлық жүйеден көрген қорлығы бір кісіге жетіп артылады. Десек те ол қазірде өзінің саяси белсенділігін жоғалтпаған, халқы үшін баспасөз арқылы қажетті ұсыныстарын білдіріп отырады. Айталық ол: «мен өзімді негізінен сот алдында ақтаған адаммын. Бірақ үкіметіміздің мен сияқты тоталитаризмнен қорлық көргендерді саяси ақтауын қалаймын» дей отырып,  ол үшін мына ұсынысының орындалуын сұрап республика үкіметіне өтінішін  білдіріп келеді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1,3 және басқа тиісті баптарына «... сонымен қатар, нақты бір жеке немесе заңды тұлғаның (лардың) ауызша немесе жазбаша талап-тілегімен (МҚК, ІІД, партия комитеттері мен бастауыш ұйымдары, әскери комиссариаттар, кәсіподақ, қоғамдық ұйымдар және т.б)  психиатриялық тексеруден амбулаторлық жағдайда өтуге мәжбүрленген/ тартылған, негізсіз психикалық диагноз (дар) қойылған, заңсыз ПНД есебіне алынған және орынсыз әлеуметтік-қоғамдық қауіпті адам ретінде динамикалық бақылау жүргізілген адамдардың / азаматтардың барлығы ақталған адамдар /азаматтар деп жарияланады...»,-деген толықтыру енгізу қажет дейді. Бұл толықтыруды Президенттің жоғарыда аталған Қаулысымен бекітілген Ереженің екінші тарауының 3 ші тармағына «..жазықсыз психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдетілген (немесе негізсіз психикалық диагноз (дар) қойылған, заңсыз ПНД есебіне алынған) ... деп Қаулыға өзгеріс енгізілсе, осы санаттағыларды саяси ақтауға болады деп есептеймін. Себебі, бейресми тәуелсіз орталықтардың есебі бойынша Қазақ КСР-ында жалпы, 57626 адам саяси- психиатриялық құдалаудан (террордан) зардап шеккендерді анықтаған, ал соның 6364 –і бір Оңтүстік Қазақстан облысында  екен. 

А.Күмісбектің ұсынысы қабылданса елімізде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтауға  септігі тиеді. Әрі, басқа озық мемлекеттер алдында Қазақстан Республикасының беделінің көтерілуіне қызмет етеді деп ойлаймын.

Бахадыр АЙТАЙ, 

ОҚМПУ дің аға оқытушысы, 

Саяси қуғын- сүргін құрбандарын толық ақтау 

жөніндегі Шымкент қаласы бойынша жұмысшы  тобының мүшесі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қыспаққа түскен тағдыр
  • Түркістандықтар «Worldskills Kazakhstan-2019» чемпионатында жүлдегер атанды
  • Ата кәсіпті дәріптейтін ағаш ұстасы
  • Түркістанда іскер әйелдер форумы өтті
  • Рашид Аюпов: «Жастардың идеяларын қолдауға барынша жағдай жасау керек»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер