Ұлттық қолөнерді жанына серік еткен Жанболат Тасболатұлы ер-тұрман жасаудың хас шебері. Жас кезінен қол өнерге бейім болып өскен бозбала, есей келе ағаш өңдеу ісін меңгереді.
Әкесінен алған тәлімінің арқасында ат әбзелдерін жасап, ұлттық құндылықтарды дамыту ісіне көңіл бөлген. «Нағыз шебер, өнерлі һәм дарынды жандардың қолынан келеді» - демекші Жанболаттың жасаған бұйымдарына бүгінде сұраныс көп. Тіпті Қырғызстан, Өзбекстан, Италия, Түркия, Араб, Ресей сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін тапсырыстар түсіп тұрады.
Бүгінде Жанболат Тасболатұлының екі шәкіртімен бірге жылына 12-13 ер тұрман жасайды. Шебердің үйіне шаһарға келген туристердің ішінде арнайы баратындары да бар екен. Олардың мақсаты қол өнер бұйымдарының жасалу жолдарын көріп, сатып алу.
- Қолымдағы мына ер-тұрман Ақтөбе қаласында жаңадан ашылғалы жатқан музейге арнайы жасалып жатыр. Ат әбзелін түрлі мерейтойларда немесе құдалар бір-біріне кәде ретінде беріп жатады. Былтыр шілде айында Мәскеуде Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Бес күн көрмеде болдық. Композиторлар, қолөнершілер, әншілер, бишілер, архитекторлардан құралған 150 адам болып барып, өнер көрсеттік, шеберлігімізді таныттық – дейді Жанболат Тасболатұлы.