Көкөніс шаруашылығы соңғы жылдары Түркістан қаласында күрт дамып келеді. Шаруалардың бұл іске мейілінше назар салуының себебі қаланың ауа-райы болуы керек. Кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту бүгінде қала алдындағы басты міндет.
"Рахат" шаруа қожалығы қазірде көкөністер мен бақша, тамыр жемістілер мен түйнек жемістілерді өсірумен айналысады. Өндіріс орнындағы шаруалар халықты көкөніспен, жеміспен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Шаруа қожалығы тек қала тұрғындарын ғана емес, елдің басқа да аумақтарына көкөніс жеткізуге қауқарлы.
"Рахат" агроөнеркәсіптік кешен осы жылы егін аумағын кеңейтіп, жылыжай салып қияр, қызанақ өсіру мақсатында қала әкімшілігіне қарасты кәсіпкерлік бөліміне жүгінген. Кәсіпкерлік орталығында берілген кеңес бойынша шаруа қожалығы "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 550 млн. теңге алуды ұйғарған. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша өнім неғұрлым көп болса, тапсырыс та соғұрлым көбейіп, жұмысшылардың әлауқаты көтеріледі.
Айта кетейік, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Бизнес-жоспар дайындаудан бастап жобаны қаржыландыруға дейінгі жұмыстың бәріне қолдау көрсетіледі. Түркістандаа өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасының мақсаты да осы.