Әлеуметтік желіде көптің талқысына түскен «Шаңырақ» монументін бұзу жұмыстары жүргізілуде. Фейсбук белсенділері иісі қазақ қасиет тұтқан шаңырақтың төңкерілуін бұрысқа шығарған-ды. Тақырып төңірегінде газетіміздің тілшілері де арнайы мақала әзірлеп, түркістандық тұрғындардың назарын аударған болатын. Пікірлер ескеріліп, нәтижесінде қала әкімі Рашид Аюповтың тапсырмасымен тиісті сала мамандарына нысанды бұзу туралы тапсырма берілді. Бұл туралы қалалық "Түркістан" газеті.
Бұл іске «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-дан 14 жұмысшы жұмылдырылған. Мекеме басшысының орынбасары Мұрат Орынбаев бұзу жұмыстары арнайы 8 техника көмегімен екі апта ішінде толықтай аяқталады деп жоспарланып отыр дейді.
Келешекте монумент орнында қандай ғимарат пайда болмақ деген ой кез келген жанды толғандыруы мүмкін. Мұнда алдағы күндері ұзындығы 37, ал, ені 15 метрді құрайтын қарау мұнарасы (смотровая башня) бой көтеруі ықтимал. Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі мамандарының ресми мәліметіне сүйенсек, қаланы тамашалауға арналған жаңа ғимараттың жобалық сметалық құжаттары әзірлену үстінде.
Еске салсақ, шаңырақ бейнеленген мүсін авторы – Насыр Рүстемов болатын. Құрылыс қарқыны бір жылға жуық уақытқа созылған нысанның лентасы 2009 жылы қиылған. Он жыл бойы бұрынғы Есім хан алаңының символы іспетті болған монумент биіктігі 27 метр болатын.