Англияда мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа велосипедпен жиі барады. Оларда бұл қалыпты құбылыс. Қалаларда велосипедпен жүруге лайықты жағдай жасалған. Нәтижесінде тек шенеуніктер емес, көптеген қала тұрғындары велосипед тебеді. Велосипед – тиімді көлік. Арзан әрі экологияға кері әсері жоқ. Дүниенің түкпір-түкпірінен көптеген туристер Англияға жиі барады. Англияға сапар шеккендегі жанама себептердің бірі – қала тұрғындарының велосипед тебу мәдениетін көру. Бұл да ағылшын туризмінің дамуына өз үлесін қосып отыр.
Түркістанда да тұрғындар велосипед мінетін күн алыс емес. Бұл жөнінде бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен аппарат мәжілісте белгілі болды. Жиналыста Түркістан қаласын дамыту бойынша қала әкімі Әліпбек Өсербаев баяндама жасады. Ол облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тиісті шаралар қолға алынып, жүйелі түрде жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді.
– Жалпы, қала бойынша 39 көшеге және скверлермен аллеяларға 74 мың шаршы метр көпжылдық және бір жылдық гүлдер, 118,5 мың шаршы метр газон, 59 мың дана декоротивті қылқан жапырақты ағаш, 19,1 мың дана бұталы ағаш және көптеген вертикалды көгалдандыру элементтері жоспарланған. Жаңадан 12,3 шақырым канал арықша салынса, оның 11,2 шақырым канал арықшалары қалпына келтірілді. Сонымен қатар, осы канал арықшалар бойынан 12,3 шақырым веложол және 7,5 шақырым аяқжол салынады, - деді қала әкімі.
Веложол салынуы - қалада көлік кептелісінің азаюына тамшыдай болсын үлес қосады. Әрі бұл тұрғындар үшін спорт, әрі демалыс болады. Туристерге де қаланы аралап көруге септігін тигізеді. Олар велоспедпен аралап, қаланың мәдениетімен танысады.
Баяндаманы танысып шыққан облыс басшысы күзге дейін құрылыс жұмыстарын қарқындатып, қаладағы сүрілетін нысандардың иелерімен түсіндірме жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Бұдан басқа, канал арықшаларының бойынан веложол және аяқжол салу жұмыстарын тездеп бастауды айтты. Сондай-ақ қалаға велосипед алып келу керектігін жеткізді.