Елімізде жең ұшына жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күрес ұдайы жүргізілуде. Осы орайда Мақтаарал ауданында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Көшқалиев Хаким Дүйсешұлы мемлекеттік қызметшілер мен аудан тұрғындарын жеке қабылдады.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Сәрсекбаев, ауданның қоғамдық ұйымдарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жеке қабылдауда болған азаматтар негізінен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ұсыныстарын айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы мәселелер көтерді. Сондай-ақ, олар аудандағы қоғамдық-саяси ахуал, әлеуметтік мәселелер төңірегінде өздерінің ойларымен бөлісті.
Департамент басшысы мен аудан басшысы көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, айтылған әрбір мәселе бойынша заң аясында түсіндірмелер берді. Сондай-ақ, аудан әкімі Б.Асанов бақылауға алынған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.