Түркістан облысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасын жүзеге асыру бойынша елімізде көшбастап тұр. Бүгінде облыстың түкпір-түкпірінде жоба аясында әлеуметтік нысандар, спорт алаңдары мен өзге де пайдалы ғимараттар салынып жатыр. Биылдың өзінде облыста сәуір айынан бері демеушілер есебінен 19 нысан ел игілігіне тапсырылып, 12 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа кейіпке енді. Мәселен, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында балалар ойын алаңшасы салынса, Қызылкөлдің мәдениет клубына сахна орнатылған. Сондай-ақ осы ауданда ат ойындарына арналған атшабар ашылған.
Бәйдібек ауданында құны 4 млн. теңгеге жуық «Жастар аллеясы» бой көтерсе, Түркістан қаласында «Ертегілер әлемі» атты үлкен балабақша салынды. Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілген.
«Туған жер» жобасы бойынша 2017 жылы құны 6 млрд. теңгеден астам қаражатқа 473 жоба жүзеге асырылған. Ал 2018 жылы демеушілер тарапынан құны 3 млрд. 386 млн. теңгені құрайтын 97 нысан іске қосылған болатын. Аяқталған 97 нысанның – 28 білім мекемелерінің құрылысы және 3-і қайта жөндеу, 2-еуі медицина мекемесі құрылысы, 12-сі спорт нысандарының жаңа құрылысы және 2-еуі спорт алаңынқайта жөндеу. Сонымен бірге 15мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, 5 нысан қайта жөндеуден өткен. Абаттандыру бойынша 30 жоба іске асырылды.