Арыстық оқушылар мектептің қамына әзірден кірісті. Нақтырақ айтқанда «Арысқа көмек» қоры «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – оқушылардың мектепке баруын қамтамасыз ету, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың қажетті білім алуына көмектесу. Республикалық «Азаматтық Альянсы» қауымдастығы қорға жиналған 2 миллион 300 мың теңге қаражатқа мектепке қажетті заттар алып, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелеріне тарту етті. Сөмке, мектеп формасы, қалам дәптерін бір түгендеп алған балалр мен ата-аналар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Лидер» балабақшасында өткен шараға 15 – секторға жауапты Алматы облысы мен Бәйдібек ауданының да өкілдері атсалысқан.
Шара барысында демеушілер есебінен 120 балаға материалдық көмек көрсетілді. Ұйымдастырушылар тізімде тұрған өзге де отбасыларға алдағы уақытта көмек берілетін болады дейді.
Арыс қалалық «Азаматтық Альянсы» қауымдастығының сенімді өкілі Жақсыбек Сәрсенбековтың айтуы бойынша «Азаматтық Альянсы» қауымдастығы 24-маусымнан бері Арыстықтармен бірге. Қажетті азық-түлік жеткізу кезінде де бірнеше жүк көліктерімен көмек көрсеткен. Бұл игі шара да алдағы уақытта жалғасын таппақ.