Түркістан медицинасы оң бағаланды

03-00.jpg

Түркістан қаласының емдеу мекемелерін аралап көрген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыс орталығының медицинасын жоғары бағалады. Министрмен кездескен Түркістан халқы да «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.  Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын  дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деп еді. Ел басшысының Жолдауын түсіндіріп, тілге тиек еткен министр Президенттің пәрменімен қолға алынған ұлттық жобалардың бірі – «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы туралы тарқатып айтты.

– Жоба аясында аудандық және ауданаралық ауруханалардың мәртебесі артып, олардың базасында инсульт орталықтары, шағын инвазивті хирургия бөлімшелері ашылады. Сондай-ақ, бұл жоба ауыл тұрғындары үшін кәсіби тексерулерді кеңейтуді, медицина кадрларын даярлауды көздейді. Ауыл тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында аудандық және ауданаралық ауруханалардың мәртебесі арттырылатын болады, – деді министр.

Аудандық ауруханалар базасында инсульт орталықтары, шағын инвазивті хирургия, травматология, медициналық оңалту бөлімшелері ашылады.

Министр дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі заң жобасына тоқталып өтті.

– Аталған заң жобасы адам денсаулығына келтірілген зиянды өтеу тетігі арқылы емделушінің мүддесін қорғауға бағытталған. Сондай-ақ бұл нормалар халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді, дәрігерлердің мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді, – деді А.Ғиният.

02-07.jpg

Түркістан қаласында министр барып көрген, оң бағалаған медициналық ұйымның бірі – жаңадан бой көтерген жедел медициналық жәрдем станциясы. Түркістанда жаңа заман талаптарына сай жабдықталып, 100 пайыз цифрлық жүйеге қосылған медициналық жедел жәрдем орталығы 25 бригадаға арналған. «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорны» ЖШС демеушілігімен бой көтерген медициналық станцияға 1,4 млрд теңге инвестиция салынған.

Заманауи үлгіде жасақталған орталықта жедел жәрдем автокөліктері шақыртуларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, ИВЛ аппараттарымен, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппараттарымен қамтылған. Жедел жәрдем станциясы жылына 70 мыңға жуық шақыртуға шыға алады.

«Түркістан облысында медицина саласында істеліп жатқан жұмыстар жеткілікті. Жаңа нысандар салынып, дәрігерлердің біліктілігін арттырып, цифрландыру, жедел жәрдем көліктерімен қамту жұмыстары өз ретімен жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде өңіріміздегі аталған саланың одан әрі дамып, өркендеуіне жол ашады деп білемін. Жаңа жедел медициналық жәрдем станциясына инвестиция салған «Қазақстандық-Француздық «КАТКО» бірлескен кәсіпорнына» ризашылығымызды білдіреміз. Түркістанда халықаралық стандарттарға сай заманауи емдеу орталықтары жұмыс істейтін болады», – деді дейді ризашылығын білдірген мамандар.

02.jpg

Жедел жәрдем стансасы 4 категориялық санат бойынша «алтын сағат» қағидасына сай жұмыс істейді. Орталықта сондай-ақ АҚШ-та біліктілігін арттырған облыс мамандары қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 140 жедел медициналық жәрдем бригадасы шақыртуларға қызмет атқарады. Өңір қажеттілігі 96 пайызға қамтылған. Облыста жедел жәрдем қызметінің кластері құрылып, ауылдық және қалалық жедел жәрдем қызметтері орталықтандырылған. Нәтижесінде науқастарға жету уақыты барынша азайып, қызмет көрсеру сапасы айтарлықтай артты. Дегенмен облыстық жедел көмек стансасы басшысының орынбасары Ақайша Аманжолова өңірде бригадалардың жеткіліксіздігін жасырмады.

– Он мың халыққа 1 бригада деп есептелген. Ал Түркістан облысы бойынша қазіргі кезде 2 млн 75 мың халық тұрады. Яғни 207 бригадамен қамтылуы керек. Қазіргі таңда бізде 140 бригада жұмыс істеп жатыр. Ауылды елді мекендердегі амбулаторияларда 1-2 бөлмені жалға алып, бригадаларды орналастырып қойғанбыз. Қосымша бригадалар ашып, жүз пайыз қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуде, – дейді А.Аманжолова.

Түркістан қаласында медицина саласын дамытуға күш салынуда. Біріккен Араб Әмірліктерінің қолдауымен «Ана мен бала орталығының» құрылысы жүріп жатыр.

Онан соң Денсаулық сақтау министрі жаңа технологиямен жабдықталған «Қамқорлық» балалар оңалту орталығын аралап көрді. Орталықта 1-14 жас аралығындағы жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларға көмек көрсетіліп жатыр. Заманауи үлгіде жасақталған оңалту орталығының төсек орын саны 50 күндізгі және 10 тәуліктік болып жабдықталған. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар.

02-05.jpg

Сондай-ақ сапар барысында министр Түркістан қалалық емханасының үздік тәжірибелер орталығының жұмысымен танысты. Ондағы ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратын кабинет, балалардың ерте жастағы бақылауын қадағалайтын әмбебап прогрессивті моделі бойынша жұмыс жасайтын кабинет, сонымен қатар психологтармен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының жұмыс барысы аралап көріп, мамандармен тілдесті.

– Ауруларды басқару бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратын кабинетте артериялық қан қысымы жоғары, жүрек жетіспеушілігі бар, қант диабетімен ауыратын сырқаттарға бірінші кезекте өз денсаулығын өздері бақылау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мұнда қант диабетінен болатын комолардың, жүрек жетіспеулігігінен және артериялық қан қысымынан болатын инфаркт, инсульт ауруларының асқынуларын болдырмау, алдын алу шаралары қолға алынған. Бұл жерде Түрксітан қалалық орталық емханасының енгізген жаңалығы – алғаш есепке тұрған және емделу режимін сақтай алмайтын пациенттердің қолдарына мемлекеттік мекеме есебінен тегін эленкетронды сағат тағып береміз. Мұның артықшылығы осы электронды сағат арқылы дәрі ішетін уақытын және ол кісінің күш-қуатын, жүрек қағысын, қан қысымын қадағалауға мүмкіншілігіміз бар. Осы бағдарламаны енгізудің нәтижесінде былтыр 46 адам инсульт, инфаркт алған болса, биыл осы бағдармаланы енгізудің нәтижесінде 7 адам инфаркт алды. Салыстырмалы түрде алғанда 5 есе төмендеп отыр, яғни көрсеткішіміз өте жақсы деген сөз. Ал, әмбебап прогрессивті модель бойынша жұмыс жасайтын кабинеттің мақсаты – 1-ден 5 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын, ерте жастағы азғаның дұрыс дамуын бақылау, үй жағдайындағы бала өлімін азайту, себептерін жою. Баланың денсаулығы дұрыс болса, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жоспарлы түрде қаралады. Егер ол сары немесе қызыл аймаққа жататаын бала болса, онда ол прогрессивті модель бойынша әр маманның жеке қарау кестесі жасалып, сол бойынша бақылауға алынады. Бұның нәтижесі былтыр 6 ай көлемінде 14 бала шетінеген болса, қазіргі таңда 5 бала шетінеген. Оның ішінде үй жағдайында өлім мүлдем тіркелмеген, жазатайым жағдайда қайтыс болғандар жоқ. Бұл осы бағдарламаның жемісі! Жалпы бұл бағдарламалардың бәрі емхананың үздік тәжірибелік орталығында енгізілген. Тағы бір қосымша айтар жаңалығымыз – өзіндік оқыту кабинетінде арнайы маникендер бар. Мұнда жауапты дәрігерлер мен мейіргерлер оқытылады және атестацияланады. Өзін-өзі бақылау арқылы мамандарынымыздың білім-біліктілік сапасын арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Түркістан қалалық емханасының басшысы Райымбек Тасырбаев. 

Емхана Түркістан қаласының 94 мың 322 тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсетуде. Бүгінгі күнде емханада 8 отбасылық дәрігерлік орталық бар. Емдеу мекемесінде консультативтік-диагностикалық, жедел жәрдем бөлімшелері қызмет атқарады. Айта кетейік, Түркістан қалалық орталық емханасы 2018 жылдан бастап толық цифрлық жүйеге көшкен.

– Әріптестерімнің енгізіп жатқан жаңа технологиялармен, халық үшін ашылған жатқан кабинеттермен таныстым. Өте жақсы модель! Негізі емханалар жұмысының 50 пайызын осындай профилактикалық шараларға арнауы керек. Өйткені бүкіл медицина тек ауру адамдарға жұмыс жасамауы керек. Сау адамдарға ауырмаудың жолын көрсетіп, ауырса да асқындырмай жазылып кету жағдайына жеткізу маңызды. Сондықтан ақпараттық-насихаттық жұмыстарға көп көңіл бөлген дұрыс. Еліміздегі емханалардың бір бұрышын осылай қолжетімді, көзге көрінетін тұсын арнау қажет, – деді Түркістан облысына келу себебін журналистерге қысқаша жеткізген министр.

Түске дейін өңірдің медицина қызметкерлерімен кездесіп үлгерген министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңір жұртшылығымен есептік кездесу өткізді. Кездесуде ведомство басшысы қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, ол сақтандыру қаражаты есебінен пациенттердің денсаулығына келтірілген залалды өтеуді көздейтінін айтты.

Сонымен қатар, елімізде дәрігерлердің жалақысын көтеру, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жаңғырту, медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту, елді мекендердің тұрғындарын диагностикалау және емдеу үшін жағдай жасау – басты мақсаттардың бірі.

Түркістан қаласының тұрғындарымен өткен кездесуде жетістіктермен қатар түйткілді мәселелердің барын да жасырмай жұртқа жеткізген министр мәселені шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де баяндады.

Ведомство басшысы тұрғындар саны 50 адамға дейінгі елді мекендерде үйде медициналық қызметкермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілгенін жеткізді. Бұрын ауылдарда мұндай мүмкіндік болмаған еді. Өңір тұрғындарына жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз арнайы мамандарға қолжетімділік туралы хабарлады. Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «жасыл дәліз» енгізілген, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттер 18 жұмыс күні ішінде консультация алып, тексеріледі.

Кездесу барысында ауылдық жерлерде әйелдер акушерлік гинекологиялық көмекке ондаған шақырымға баруға мәжбүр екені, перзентханалар салу қажеттігі туралы мәселелер көтерілді. Бұл бойынша денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі ана мен баланы қорғау болып қала береді. Сондықтан қазір еліміздегі перинаталдық қызмет деңгейін көтеру міндеті басым болып тұр.

– Біздің кеңес құрамында 12 бөлім жұмыс істейді. Сол 12 бөлімге бұрын райком, дәрігер болған, ел басқарған, түрлі саланы меңгерген азаматтар жетекшілік етеді. Олар халық ішіндегі, ауыл арасындағы әрбір мәселені мәселені көзбен көріп, қолмен ұстағандай жақсы біледі. Денсаулық сақтау министрі Түркістанға келеді дегенді бір апта бұрын естіп, соларды шақырып «Ажар Ғинияттың елмен кездесуінде маған сөз берілсе мен қандай мәселелерді айтуым керек? Медицина, дәрігерлер туралы не айтасыздар?» деп сұрадым. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат  Мусин, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Бұған дейін де Түркістанға келіп жатқан министрлермен жүздесулерде де солай кеңескенбіз. Сізге дейінгі төрт министрде күн тәртібінен түспей тұрған түрлі түйіткілдерді мәселе етіп жеткізгенбіз. Кемшіліктер мен қателіктер туралы айтқанбыз. Бірақ, бұл жолы 12 басшының бәрі де медицина туралы тек қана оң баға берді. Бұл Түркістан қаласында медицинаға қатысты мәселелердің оң шешімін тауып жатқанын білдіреді, – деген Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов министрге түркістандықтардың ризашылығын білдірді.

Кездесу соңында министр қатысушыларға денсаулық сақтау саласын белсенді қолдағаны, медицина мәсе лелеріне немқұрайды қарамағаны үшін алғыс айтып, министрліктің қоғаммен ашық сындарлы диалогке дайын екенін жеткізді.

Бұдан соң еліміздің Денсаулық сақтау министрі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасына барды. Қадірлі қонақты ректор Жанар Темірбекова мен ректор Өкілі Женгиз Томар арнайы күтіп алып, клиникада бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

– Киелі Түркістан қаласындағы оқу орнымыз – Қазақстандағы жеке клиникасы бар бірден бір университет. Бүгінде студенттеріміздің 35 пайызы медицина бағыты бойынша білім алып қана қоймай, аталған клиникада мол тәжірибе жинап, маман ретінде қалыптасады. Дәл осы себепті Клиника-диагностика орталығының жұмысына ерекше мән береміз, – деді Жанар Темірбекова.

Ал ректор өкілі 2021 жылдан бастап бүгінге дейін клиниканың 16 дәрігері Түркияның Стамбул қаласында біліктіліктерін арттырғанын, сонымен қатар Түркиядан әртүрлі мамандық бойынша 20 профессор келіп, өз тәжірибелерін бөлісіп жатқандығын, биыл жалпы құны 110 млн теңгеге функционалды-диагностика 16 срезді томография аппараты сатып алынғандығын жеткізді.

Ажар Ғиният университет клиникасының жұмысын жоғары бағалап, жеке клиникасы бар осындай университеттердің жоғары деңгейде қызмет жасап, маман дайындауға да үлкен үлес қосып жатқандығына қуанатындығын айтты. «Алдағы уақытта сапаға жұмыс жасап, көш басында болыңыздар» деген лебізін білдірді. Бүгінде клиника-диагностика орталығының инфрақұрылымдық жағдайы жақсарып, материалдық базасы толыққаннан кейін науқастарға қызмет көрсету сапасы да едәуір жақсарған.

Министр Түркістан облысында жасаған іссапарының алғашқы күнін жүрналистермен жүздесумен қорытындылады. «Алатау медиа орталығында» брифинг берген Ажар Ғиниятқызы журналистердің сұрақтарына жауап беріп, аралап көрген емдеу мекемелерінің жұмысына жоғары баға берді.

 А.ДОС


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Листериоз туралы нені білу керек?
  • Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір азаматтың басты міндеті!
  • Абайлаңыз Құтыру!
  • Емдеу мекемелеріне қойылатын талаптар
  • Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай күрделі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер