Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі», деп денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын. Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мәселесіне мән беру арқылы, ұлт тағдыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс» деп тапсырған болатын. Сонымен бірге, Жолдауда «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – басым бағыттың бірі. «Халық қатысатын бюджет» орталыққа бағынатын қалалар мен облыс орталықтарына табысты енгізілді. Азаматтардың нақты сұранысына сәйкес ондаған абаттандыру жобасы жүзеге асырылды. Бұл – жақсы тәжірибе. Енді абаттандыру және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының бюджетіндегі «халық қатысатын» үлесті 10 есе арттыру керек» деп, Үкімет пен әкімдерге халыққа қолайлы жағдай жасау қажеттігін тапсырған болатын. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың қатарында Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласындағы саябақтарды айтуға болады. Соның бірі – «Денсаулық» саябағы пайдалануға берілді. Саялы бақтағы алғашы шара бүлдіршіндердің құтты қадамымен басталды. Зиялы қауым өкілдері балалардың тұсауын кесіп, ақ батасын арнады.
– Балаларға қамқорлық айтулы жыл аясымен шектелмейді. Қаладағы жасалған тірлік пен өзгерістер – келешек ұрпақ үшін, – деді көпшілікті құттықтаған қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Түркістан қалалық орталық ауруханасының жанында орналасқан жаңа саябақтың 6 мың 240 шаршы метр аумағы көгалдандырылған. Алты жүзге жуық ағаш егіліп, 100 дана бастырма орнатылған. Мұнда балалар ойын алаңшасы мен стритворкауд та жасақталған. Одан бөлек, саябақ ішінде әсемдік үшін қойылған ана мен бала мүсіні және кіші сәулеттік 136 форма бар. Сонымен қатар, саябақ автотұрақпен де қамтамасыз етілген.