Түркістанда ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы жұмыс істейді

Screenshot_4.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халықа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмасымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт»  әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы төрт мақсатты индикаторға қол жеткізуге бағытталған. Соның бастысы – санға емес сапаға жұмыс істеу. Ұлттық жобаның басты бағыттарының бірі – халықтың медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейін 2025 жылы 80 пайызға дейін арттыру. Медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеру бір ғана бағытты қамтымайды. Сапа білікті басшы мен мамандардың, заманауи құрал-саймандардың, мерзімді скринингтік жұмыстардың, халыққа үздіксіз ақпараттық жұмыс жүргізудің және тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артқан жағдайларда ғана көтеріледі. Бұл тұрғыдан алғанда Түркістан қаласындағы Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығын сапаға жұмыс істейтін медицина мекемесі деп атауымызға болады. Өңірдегі үздік мекеме атынан ел үркитін індетпен Түркістан облысы құрылғалы бері үздіксіз күресіп келеді.

Орталық өңірде АИТВ жұқпасының таралуын болдырмау үшін профилактикалық эпидемияға қарсы шаралармен айналысады. Және аталмыш диагнозбен өмір сүретін адамдарға білікті медициналық көмек көрсетеді. Бақытжан Жүзжасаровтың басшылығындағы мекемеде жоғары білікті санаттағы медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Мұнда пациенттер  эпидемиолог, инфекционист, психолог, педагог, әлеуметтік қызметкер, терапевт, дәрігер лаборант, дермато-венеролог, гинеколог, тіпті  педиатрдың да көмегіне жүгіне алады. Орталықта диагностикалық зерттеулер де кең көлемде жүргізіледі.

АИТВ диагностикасы екі кезеңмен жүргізіледі: иммуноферменттік талдау (ИФТ) және иммуноблотинг әдісі. ИФТ инфекциядан кейін бірнеше аптадан кейін ғана нәтиже көрсете алады. Талдаудың бұл түрі вирустың өзін емес, оған антиденелерді анықтайды. Кейбір адамдарда 2 аптадан кейін қанда антиденелер жеткілікті мөлшерде болады. Алайда, көпшілігінде антиденелердің пайда болуы (сероконверсия) көп уақытты алады. Тест нәтижесі нақты дәл болуы үшін қауіпті жағдайдан кейін шамамен 3 ай өту керек. 3 айдан кейін ИФТ сынағы адамдардың 95-98 пайызында, яғни басым көпшілігінде нақты болады. Кейде антиденелердің пайда болуы көп уақытты алады – 3 айдан 6 айға дейін.

Screenshot_29.jpg

Егер ИФТ оң нәтиже көрсеткен болса, ол иммуноблот тестінің көмегімен екі рет тексеріледі. Бұл әдістің мәні вирусты антигендерге жою болып табылады, содан кейін антиденелерді егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіледі. Бұл тест өте жоғары сезімталдық пен сенімділікке ие (99,9 пайыз), бірақ кейде жалған оң нәтиже береді. «АИТВ инфекциясы» диагнозы бір мезгілде екі ИФТ және Вестерн-блот (иммуноблоттинг) әдісімен оң нәтиже болған жағдайда ғана қойылады.

Орталықта ретровирусқа қарсы препараттардың жеткілікті қоры бар. Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен емді үзу немесе тоқтату жағдайлары кездескен емес. Әрине, дәрігер тағайындаған емнің тиімділігі науқастың ағзасындағы вирус мөлшері анықталмайтын деңгейге дейін төмендеуімен бағаланады.

ЖИТС ауруының жер бетінде алғаш тіркелгеніне 40 жылдай уақыт болса да жұқпалы дерттің емі әлі табыла қойған жоқ. Статистиканы сөйлетер болсақ, әлемде 43 миллионнан астам адам осы жұқпалы дертпен күресіп келеді. Ал, коронавирус пандемиясы басталғалы қауіпті ауруды жұқтырғандардың саны 77 миллионнан асып жығылыпты. Олардың қатарында ЖИТС-пен ілеспелі аурулар салдарынан 35 миллион адам көз жұмған. Ал, Түркістан облысында мұндай дертпен 500-ден астам науқас есепке алынған. Бүгінде олар АРТ перепараттарын үдіксіз қабылдап, ем алу үстінде.

Обаға теңелген сырқатты түбегейлі емдеу мүмкін болмағанымен елімізде онымен күресу, анықтау, таралу жолын азайту, халықты ақпараттандыру жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Осындай қажырлы еңбектің арқасында науқастардың денсаулық сапасы артып, өмір сүру жасы ұзарып келеді. Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығының басшысы Бақытжан Заманханұлының айтуынша соңғы он жылда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар тізімі 1,5 есеге қысқарыпты. 80 пайызы ЖИТС-тан емес,  АИТВ жұқпаға қосалқы диагноздан қайтыс болады екен. Яғни, мамандардың айтуынша медицинаның жетістігінің арқасында  бүгінгі таңда  адамдар  ЖИТС-тен өлмейді.

– Пациенттер дәрігердің бақылауында болып терапияны уақтылы бастап және емдеуде қателіктер жібермесе ЖИТС-тен өлмейді. Күні кеше бұл дерт өлімге әкелетін ауру болатын. Оны «ХХ ғасырдың обасы» деп атады. ЖИТС өліммен теңелді. Қазір адамдар АИТВ диагнозымен ұзақ жылдар өмір сүре береді. Рас, олар өмір бойы дәрі-дәрмектерді (антиретровирустық дәрі-дәрмектер) сағат бойынша қатаң қабылдайды, дәрігерге міндетті түрде барады, сынақтардан өтеді, денсаулығын бақылайды. Антиретровирустық препараттардың арқасында АИТВ-инфекциясы өлімге әкелетін аурудан созылмалы ауруға айналды. Егер АИТВ инфекциясын дер кезінде анықтап, оны бақылауға алсаңыз, онда адамның өміріне қауіп төнбейді. Яғни, науқастар аталған препараттарды уақытылы қабылдайтын болса, узақ жыл өмір сүре алады деп айтуға болады. Себебі бізде 10-15 жылдан бері емделіп, өмір сүріп жатқан азаматтар бар. Тіпті АИТВ жұқтырған әйел дені сау нәресте туа алады! Инфекциямен өмір сүретін әйелдерге жүктілік кезінде вирустың қандағы концентрациясын төмендету және оның балаға таралуын болдырмау мақсатында профилактикалық ем жүргізіледі. Біздің елде АИТВ-ға шалдыққан әйелдердің 98 пайызы дені сау бала тууда! Екінші және үшінші рет ана атанған әйелдер де бар, – дейді облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығының басшысы Бақытжан Жүзжасаров.

Аталмыш салада тәжірибесі мол дәрігердің айтуынша мұндай ауыр диагноз қойылған пациенттермен жұмыс істеу дәрігерден көп күш пен сабырлықты талап етеді.

– Менің көмегіме келген әрбір пацинетке жоғары дәрежеде сапалы қызмет көрсетуге тырысамын. Науқастың өмір ойы өзінде болатын ауруға дұрыс көзқарасты қалыптастыру үшін үлкен жұмыстар жүргіледі. Себебі үзбей дәрі ішу, ғұмырының соңына дейін осы инфекциямен өмір сүру кімге де болсын оңай емес. Бізде әрбір науқаспен дәрігерлік және психологиялық   ұзақ түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді орталықтың дәрігер инфекционисі Гүлжан Хасанова.

Мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында ЖИТС деген «үкімге» көніп, өмірге деген сүйіспеншілігін қайта оятқан жанның бірі Айжан. Оның орталықтағы ақ халаттыларға деген алғысы шексіз.

– Осы аурумен өмір сүріп жатқаныма 10 жылдан асты. Диагнозымды алғаш естігенде бойымды қатты қорқыныш биледі. Бұдан кейін басқа адамдар секілді өмір сүре алмаспын деген ой болды. Осындай ауыр да терең ойдың тұңғиығынан мені алып шыққан осындағы дәрігерлер. Қазір өз денсаулығым үшін орталыққа келіп, үнемі ем алып тұрамын. Мамандар әрбіріміз үшін елек қағып тұрады. Дәрі-дәрмегімізді уақытылы беріп, өздері қадағалайды. Менің өмірге деген құштарлығымды қайта оятып, ауруға дес бермеуіме себепші болған осы мекеменің мамандарына үлкен алғыс білдіремін, – дейді пациент.

АИТВ инфекциясын науқастар көп жағдайда қан арқылы жұқтырады.  Мәселен, бір реет қолданылатын шприцтер мен инелерді ұжымдық пайдалану. Сондықтан болар әлем бойынша бұл инфекцияның негізгі тасымалдаушылары – нашақорлар. Ойнап жүріп от басқандардың бірі – Серік дәл осы ауруға жаман әдетінің кесірінен шалдыққан. Ауыр диагнозды арқалағаннан кейін ғана есірткіден бірте-бірте бас тартқан. Серіктің де бетін бері қаратқан осы медицина мекемесінің мамандары.

– Мен 8 жыл бойы инемен есірткі тұтынып келдім. 2019 жылы бойымда АИТВ инфекциясының бар-жоғын білу үшін орталыққа келіп, тексерілген болатынмын. Өкінішке қарай, дәрігерлер маған осы жаман кеселдің жабысқанын айтты. Қазір емделіп жүрмін. Мұнда барлық қызмет тегін көрсетіледі. Арнайы сенім бекеті де бар. Мамандар анонимділікті сақтай отырып, халыққа көмегін тигізіп келеді. Сол үшін дәрігерлерге рахметімді айтамын, – дейді Серік. 

Медицина ұжымы үшін еңбегінің жемісі ол науқастардың алғысы. Ал пациент риза болса демек қызметтің сапалы көрсетілгені. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының мақсаты да осы. Облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығының жетістігінің сыры – ол ашықтығы мен халыққа жақындығында. ЖИТС десе төбе шашы тік тұратын елдің көзқарасын оңынан өзгертуге орталық қызметкерлерінің қосқан үлесі көп. Науқас былай тұрсын сау адамның өзі АИТВ деген сөздің өзінен қашып, жоламауға тырысады. Ал, ақ халаттылардың халық арасында тынбай инфекция жайлы толыққанды ақпараттар беріп, кездесулер өткізіп, жыл сайын тұрғындарды тестілеуден өтуге шақырудың өзі үлкен еңбек. Тіпті мамандар пандемия кезінде халыққа онлайн кеңестер беріп, қашықтықтан іс-шаралар ұйымдастыруын тоқтатқан жоқ. Індетпен күрес жыл сайын түрлі ұранмен өтетіні белгілі. Былтыр мамандар «Әрбірін түсіну» деген ұранмен және «Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату. Пандемияны аяқтау» атты тақырыпта түрлі шаралар ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Теңсіздікті жою – бұл өзектілігі артып келе жатқан ұзақ мерзімді жаһандық міндеттеме. Бұл бізден денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық, соның ішінде АИТВ-ға жауап беру шараларына жаңа көзқарасты талап етеді. Теңсіздікті жою ЖИТС індетін тоқтатуға ғана емес, сонымен бірге халықтың негізгі топтарының, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғауға, COVID-19-бен күресудің тиімділігін арттыруға көмектеседі, экономиканы қалпына келтіруді және оның тұрақтылығын сақтауды қамтамасыз етеді. Сондықтан АИТВ инфекциясының таралуын тоқтату үшін алдымен стигма мен кемсітушілікті жою қажет. Орталық мамандары науқастарға диагностика, емдік, психологиялық көмек көрсете отырып, ел арасында осы стигманы жоюға бар күш-жігерлерін салып келеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, АИТВ инфекциясымен күресуде 2030 жылы «95-95-95» бағдарламасы межеленген. Бұл дегеніміз, АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың 90 пайызының өз статусын білуі, оның ішінде ретровирусқа қарсы еммен 90 пайыз қамтылуы, емделушілер арасында 90 пайыз вирусологиялық тиімділікке қол жеткізуі.  Мекеме қызметкерлерінің ендігі межесі осы болмақ.

Айнұр ОҢҒАРБАЕВА


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Листериоз туралы нені білу керек?
  • Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір азаматтың басты міндеті!
  • Абайлаңыз Құтыру!
  • Емдеу мекемелеріне қойылатын талаптар
  • Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай күрделі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер