Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деп тапсырды.
Бүгінгі таңда медицина саласы дамыған сайын оған талаптар да күшеюде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәріміз Қазақстанды гүлденген, дамыған елге айналдыруға ұмтыламыз. Бұған жетудің кілті – сапалы және қолжетімді, қазіргі заманғы білім. Осы салаға қуатты күш беру маңызды болып отыр», - деп айтқандай, жыл сайын білім саласына жете көңіл бөлінуде. Оның ішінде медицина саласы бойынша білім беру мәселесі кезек күттірмейтін маңызды іс. Сондықтан Түркістан жоғары медицина колледжінің ұжымы да студенттерге барынша жаңартылған білім бағдарламасы негізінде ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалануды қолға алып келеді.
Түркістан жоғары медицина колледжінің директоры Ғалымжан Бимұрзаевтың айтуынша, білім ордасында көптеген симуляциялық орталықтар ашылған. Соның барлығының маңызы өте зор. Колледж түлектері ауылдық жерлерде де қызмет жасап, өздерінің туған өлкесіндегі тұрғындардың денсаулықтарын жақсартуға үлес қосып жүр. Оқу ордасы студенттерді мүмкіндігінше өз ауылдарының дамуына үлес қосуға шақырып, шалғай жерде де халыққа адал қызмет етіп, өз отбасын асырауға және көпшіліктің ықыласына бөленіп, абыроймен қызмет істеуге болатындығын насихаттайды.
Бұрын колледжде 5 арнайы орталық болса, бүгінгі таңда оның саны артып отыр. Симуляциялық орталықтарға қоса мейіргер ісі негіздері бағытында «Эргономикалық орталық» пен «Поллиативті көмек көрсету бөлмесі» ашылған. Сонымен қатар, әр бөлімнің оқу барысындағы ең маңызды дәрісханалары бар. Лаборанттар үшін «Ғылыми лаборатория» – арнайы тәжірибелік бөлмесі айрықша орын алса, фармация бөлімінің студенттері үшін арнайы фитобақ ашылған. Дантист біліктілігі бойынша арнайы стоматологиялық клиника, болашақ фельдшерлер мен акушерлер, мейіргерлер үшін соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, озық технологиялармен қамтамасыз етілген симуляциялық орталықтар мен «Отбасын жоспарлау», «Ламаз» бөлмелері бар. Атап айтқанда түрлі оқу оңалту орталығы, оқу паллиативттік және хоспистік көмек көрсету оқу орталықтары. Орталық жоғары деңгейдегі тренажерлермен, пациенттерді қозғалтуға арналған эргономиялық заттармен жабдықталған.
Түркістан жоғары медицина колледжінің студенттері де өз тараптарынан барынша өз білімдерін дамытуға, қоғамға пайда келтіретіндей азамат болуға, бос уақыттарын тиімді жұмсауға бар күштерін салып келеді. Таңдаған мамандықтары медицина саласы болғандықтан кәсіби пәндерге барынша көңіл бөліп, өздері де ізденістерін арттыруда. Қосымша пән үйірмелеріне қатысып, медицина ғылымының қыр-сырымен танысып, өз мамандықтарына деген жауапкершіліктерін де сезініп келеді.
Медицина күрделі сала екендігі әуел бастан түсіндіріледі. Сондықтан болар белсенді студенттер өз мамандықтарының ауыртпалықтарын түсініп, ізденістерін арттырып, кейбірі тәжірибеден өту барысында бекітілген сағаттан артық ауруханалар мен емханаларда тәжірибе жинауға атсалысады. Бұл студенттердің өз болашақтарына бей-жай қарай алмайтындықтарын білдіреді.
Оқу орнында оқытушыларға сабақ барысында медициналық терминдерді талқылап болған соң, жаңа сөздердің де мағыналарын, тілдік қолданысын заман талабына сай үш тілде түсіндіру тапсырылған. Оқытушылар студенттерге жаңа сабақ түсіндіру сәтінде қосымша орыс, ағылшын тілдерінде де түсініктеме беріп өтеді. Кейбір тапсырмаларды ағылшын тілінде әзірлейді. Бұған студенттер қызығушылықтарын танытуда. Демек, колледжде үш тілді меңгеруге шамалы болса да іргерілеу баршылық. Бұл – жыл сайын жаңа инновацияларды енгізіп жүрген әдіскерлеріміздің еңбегі.
Түркістан жоғары медицина колледжінде ізденімпаз жастарға қолдау көрсету мақсатында премия беріледі. Студенттердің тарихи жерлерге саяхаттауларына да мүмкіншілік жасалған. Ал өте белсенді жастардың оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған.
Түркістан аумағында медициналық туризмді дамытуға да ерекше назар аударылады. Студенттердің сапалы білім алуымен қатар, медициналық туризм саласына да үлес қосуын қалайтын колледжде кейбір кәсіби пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Яғни, колледжіде ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын оқытушылар мен белсенді студенттер бар. Жыл сайын болатын ашық сабақтардың ішінде міндетті түрде бір-екі медициналық пәннің ағылшын тілінде өтілуін талап етіледі. Бұл болашақ медицина мамандарының тіл білімін арттырады. Жалпы медициналық туризм дегеніміз тұру аймағынан тыс жерлерде жоспарлы медициналық қызмет көрсету практикасын білу және қаламызға сяахаттап келген шетелдіктерге тиісті медициналық көмек көрсете алу. Бұл тұрғыдан алғанда әрине медициналық туризм АҚШ, Канада сияқты елдерде өте жақсы дамыған. Туристер көп келетін Түркістан да болашақта тек тарихи жәдігер қала ретінде ғана емес, медицинасы дамыған туристік аймақ ретінде де танымалуы тиіс. Бұл бір жағынан халықтың денсаулығын жақсартуға септігін тигізсе, екінші жағынан Түркістанның да экономикалық дамуына ықпал жасайды.
Осылайша, оқу орнында болашақ орта буынды медицина маманы ретінде жақсы білім алу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Колледж студенттері еңбекқор, олар әр түрлі білім беру бағдарламаларына, викториналар мен конкурстарға қатысады, сондықтан да жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. Тәжірибелі оқытушылар оқу үшін достық атмосфераны құруға көмектеседі. Олар студенттерді елімізге адал қызмет етуге, егер жүректері қаласа үздік университеттерде оқуға, дәрігер болу үшін білімдерін жалғастыруға дайындайды. Сондай-ақ, бүгінгі таңдағы ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі мен бейнеті қаншама адамдардың өмірін сақтап қалды. Бұл да медицина мамандарының бағасын өсірді, қадірін түсіндірді, адамзатты ойға қалдырды. Сондықтан қанша ғасырлардан бері халқымыз қошемет көрсеткен, ақ халаттылар деп нақты мамандығын бөліп жармаған медицина қызметкері болу үлкен абырой. Өмірдегі ең ізгі мамандық иелерін даярлау – колледждің басты мақсаты. Оқу арқылы өмірдің мәнін ұқтыру да парыз.