Қазақстан тұрғындарының үштен бірін жастар құрайды. Еліміздегі реформалардың, экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күштері – жастар. Сондықтан да жастардың көкейіндегі арманын жүзеге асыратын мүмкіндік жасалып, оларды қоғамның белсенді азаматтарына айналуына жағдай жасалуы тиіс.
Отырар ауданында аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұловтың жетекшілік етуімен жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңес отырысы дәл осы жастардың қадау-қадау өзекті мәселелерін қозғаған келелі жиын болды. Жастардың тұрақты жұмыспен және салауатты өмір салтымен қамтылудың, әлі де балалықтан арыла алмай бұландап өсіп келе жатқан жастарға тәлім-тәрбиелік тұрғыдан дұрыс бағыт-бағдар беру, тағы да басқа өзекті тақырыптар төңірегінде ойлар қозғалып, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасқан басқосуда аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Әділхановтың, жұмыспен қамту орталығының басшысы Мұхит Амангелдінің және аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Әжіқабылованың өткізіліп отырған жиынның күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты нақты атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде есептері тыңдалды. Келелі жиында сондай-ақ Отырар, Қоғам, Қарғалы ауыл округтері бойынша жастар ресурстық орталығы инспекторлары да өз есептерін берді.
Жұмыспен қамтылған жастың діни теріс ағымдардан аулақ болуыға ұмтылатын айтылды. Өзекті мәселеге айналып келе жатқан қоғамдағы діни теріс ағымдардың белсенділігі, экстремистік, террористік ұйымдардың интернет арқылы жастарды өздеріне тартатыны да естен шықпауы керек. Жастардың күшін дұрыс бағытқа сала алсаң, әлгіндей дүниелерден аулақ болатыны бар. Сол үшін жастармен тығыз жұмыс істеу жолдары қарастырылды.