Әрине, нақты осы салада жүрген адамдар болмаса, көпшілік пленэр сөзінің мағынасына бойлай бермейді. Базбіреулер оны ағылшын тілімен байланыстырып, аудармасын іздеуі мүмкін. Бірақ, бұдан нәтиже шығара қоюыңыз екіталай. Себебі, пленэр сөзі француз тілінен аударылғанда (plein air) «ашық аспан астында» деген мағына білдіреді.
Мінекейіңіз, жақында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысында ашық аспан астында 6 елден келген суретшілер апта бойы өңір табиғатын ақ қағаз бетіне түсірді. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» демекші, кәсіби суретшілер бар жан-тәндерімен көз майын тауыса бейнелеген бұл суреттерде Түркістан өңірінің тілсіз әсем табиғаты жанданып сала берді. Апта соңында «Kaskasu» Халықаралық суретшілер пленэрінің жабылу салтанатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы тамашалап, оқ бойы озық шыққан туынды иелерін марапаттады. Әрине, бұл іс-шара есеп үшін бекерге өтіп жатқан жоқ. Осы жерде өнер ұғымына аз-кем тоқтала кетсек артықтық етпес.
Өлмес өнері бар ел мәңгі жасайды. Кәрі құрлық бүкіл әлемді жауһар өнер туындыларымен баурап отыр. Бір «Джакондаңыз» үшін қарақұрым халық Парижге ағылады. Жымиысы жұмбақ әйел портретін көру үшін ұзын-сонар кезекке тұрады. Таңнан-таңға дейін күтуге бар. Себебі, бұл өнер құдіреті. Қашанда болмасын, өнерді бағалай білетін кірпияз жандар қатары азайған емес.
Әрине, біз Еуропа емеспіз. Десе де, сол Еуропаның деңгейіне ұмтылған абзал. Ол үшін ең бірінші кезекте өнер иелеріне қолдау көрсету керек. Үлде мен бүлдеге орап тастамасақ та, оларға ыңғайлы жағдай жасаған жөн.
Осыған орай, «Kaskasu» пленэрі облыс әкімінің бастауымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының және облыстық Бейнелеу өнері музейінің қолдауымен, Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
...Марапаттау рәсімінде аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы:
– Бұл шараға әлемнің әр түкпірінен келген атақты суретшілердің туындылары Түркістан облысының көркемсурет қорын толықтыруға өз септігін тигізері сөзсіз. Халықаралық деңгейдегі белгілі қылқалам шеберлерінің осы апталықтағы шығырмашылық ізденісінен құнды өнер туындысы табылады деп сенем. Аталған шараны ұйымдастырудың негізгі басты мақсаты - Түркістан өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктерін және көзтартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап, оларды әлемдік деңгейде таныту, сол арқылы туризмді дамытуға үлес қосу, - деп өнер иелеріне шығармашылық табыс тіледі.
Жалпы, бұл іс-шара қазақ елінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғасырлар бойы сыр шерткен қасиетті де мәдени-сәулеттік ескерткіштерді, тарихи орындар мен ұлттық өнерімізді, тамаша табиғатымызды насихаттау мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, түркі елдерінен келген талантты қылқалам шеберлерінің кескіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе және пікір алмасуын жүзеге асыру басты назарда болды. Негізі бір, тілегі ортақ, түркі елдерінің арасындағы достық байланыстарын нығайту арқылы туризмді дамытуға үлес қосу ең негізгі міндет болды.
Өнерсүйер талғампаз жандар аз емес екен. Олар сиясы кеппеген әсем пейзаждарды тамашалап, таңдай қағумен болды. Осы тұста біз еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, талантты суретші Айнабек Оспановпен тілдескен едік. Төңірегінде болып жатқан абыр-сабырға мейірлене қараған ол:
– Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру мақаласы аясында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы он екі іс-шараны белгілеген болатын. Аталмыш іс шараның алтыншысы осы – «Қасқасу» халықралық суретшілер пленэрі болып отыр. Ол өз жұмысын 21 шілде бастап, 28 шілде де өз мәресіне жетті. Бұл облыстағы өнерлі жастардың шығуына ықпал жасайды деген үміттемін. Себебі, пленэр барысында шеберлік сыныбы болып өтті. Онда жас суретшілер танымал суретшілерден дәріс алды. Мәселен, Мұстафа Орхан, Нығмет Ахмет Яшар, Игорь Дубовский, Анатолий Белянский, Рүстембек Шығаев сынды ТМД-дан келген суретшілер өткізді, - деп іс-шараның маңызын түсіндіріп өтті.
Мойындайықшы, көпшілік «пленэр» деген сөзбен сескеніп қалады. Заманауи бұл сөзден бір ресмилік, суыққандылық, кәсіпқойлық салқыны еседі. Десе де, Түркістандағы бұл пленэрден түстікке тән бір жылылық, мейірім, тәрбие шуағы сезілді. Себебі, мұнда қылқалам шеберлері жас дарындарға «ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбы аясында мастер-кластар өткізді. Мұнда «өскенде Микеланджело, Сальвадор Дали, Ғани Иляев ағаларымыздай суретші болсақ» деген армандары асқақ балалар, Төлеби аудандық көркемсурет мектебінің оқушылары суретші ағаларынан көп нәрсе үйренді, саф алтыннан құнды кеңестерді көңілдеріне тоқыды.
Шеберлік сабағындағы әсерлі әңгімеден шабыттанған балалар демалыс аумағынан аулаққа шығып, өздері сурет салуға кірісті. Көкпеңбек күмбез аспан, ақшаңқан бұлттар, көк масаты, жер жүзіне мейірлене қараған күн, көкпен таласпаққа ұмтылған ақбас тау, оны айнала ұшқан құстар... Бәрі-бәрі жас таланттарды қанаттандырып жіберген еді.
Бәлкім, сол жерде болашақ Леонардо да Винчи Түркістан өңірінің сөзбен айтып жеткізе алмайтын сұлулығын майлы бояумен қағаз бетіне түсіріп жатты ма екен?!..