Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адал жол» өңірлік марафоны бірнеше ауданда болды. Эстафетаны алған аудан сыбайластыққа қарсы түрлі шаралар өткізді. Жобаның негізгі мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы оған қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және сыбайластықтың деңгейін төмендету болып табылады.
Арыс қаласына Отырар ауданынан арнайы барған делегация «Адал жол» марафонының тізгінін қолдарына алып, енді өз өңірлерінде түрлі шара өткізбек болып жатыр. Делегацияны бастап барған Отырар ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Айдос Мәулен арыстық көршілердің жұмыстарына сәттілік тілеп, киелі Отырар ауданының халқы бұл жобаға барынша атсалысып, эстафетаның деңгейін одан ары биіктетуге бар күш жігерін жұмсауға дайын екенін айтты. Жоба бойынша ауданда аудан әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес түрлі іс-шаралар мен автошерулер өткізілмек.